Әлеуметтік желілерде әнші Гүлнұр Оразымбетованың тойда өнер көрсетіп жатқан видеосы тарап кетті. Бейнежазбаны өнер иесінің өзі Instagram парақшасында жариялап, думанды шараның Ақтөбеде өткенін жазып қойған. Қазіргі таңда, санитар дәрігерлер дүбірлі тойдың қашан ұйымдастырылғанын тексеріп жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Аталмыш тойдың видеосы Kozachkov offside Telegram-арнасында да пайда болды.
"Әнші Гүлнұр Оразымбетоваға кез келген мерекелік шараларға әлі де рұқсат етілген жоқ екені айтылмаған секілді ғой. Оның Instagram (1,5 миллион оқырманы бар) парақшасында тойдың Ақтөбеде өткені көрсетілген" , - деген жазба қалдырған автор бейнеролик астына.
Өнер иесі өз кезегінде Instagram желісінде жариялаған видеосының мұрағаттан алынғанын жазды "Ден сау болса,той да болар. Тойды індет басылғанша тоқтата тұрайық,ағайын. Аман болайық,ең бастысы. Сақтық шараларын барынша сақтап жүріңіздер. Архив" , - деп жазды эстрада жұлдызы.
Бейнежазба бірқатар желі қолданушылардың арасында түсінбестік тудырды. Көпшілік өнер иесінің карантин талаптарына қайшы келіп отырғанына шүйлігіп шыққан.
"Карантин қайда кетті өзі? Көктемде не болғанын ұмыттыңдар ма? Тойлар жалғаса берсе, соңы жақсылыққа апармасы анық" , - деп өз наразылығын білдірді жұртшылық.
Аталмыш жазба ғаламтор кеңістігінде шу тудырғаннна кейін Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде тексеріс басталды.
"Бұл жағдайға қатысты нақты ақпаратты әзірге бере алмаймыз. Қазіргі таңда, мерекелік шараның қайда және қашан өткені анықталып жатыр" , - деп мәлімдеді. департаменттің баспасөз қызметі.