Катарда қазақстандық Алина Мұстафинаның деректі фильмі Ajyal Film Festival жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы кинофестивальдің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарланды. А. Мұстафинаның «Андер» фильмі фестивальдің «Үздік деректі фильм» аталымында жеңіске жетті. Онда өз ұлының аллергиясы туралы баяндалады.
«Менің үлкен ұлымның сүт өнімдеріне аллергиясы бар. Дәлірек айтқанда, казеин мен сүт өнімдеріне, тіпті иісіне төзе алмайды. Тіпті бір тамшысынан анафилаксиялық шок басталады. Үнемі өзімізбен адреналин инесін алып жүреміз, оны құтқаруға бірнеше минутымыз ғана болады. Жабық ғимараттағы ірімшік, бөлмедегі пицца, кофеханадағы сүт – барлығы казеин бөледі және ұлымның өміріне қауіп төндіреді. Осы мәселелер туралы қысқаметражды деректі фильм түсірдік», - деп жазды А. Мұстафина.
«Андер» фильмі Канндағы тәуелсіз кинофестивальде қазылар алқасының арнайы мүсіншесін алды және Лондон қаласында көрсетілді.