$ 494.87  520.65  4.91

Әнші Ерке Есмахан бастаған жұлдыздар жұртты құмар онлайн ойынға үгіттеп жүр

Ұтысқа қатыс, миллионер атан!
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Блогерлер бастаған, әншілер қостаған топ енді елді онлайн ойынға елітіп жүр. Түрлі лотореяны жарнамалап, жұртты жеңіл ақшаға желіктіргендер заңсыз ұтысты ұлықтап жүргендерін білмейтін сыңайлы, дейді заңгерлер. Ал желі "жұлдыздарының" сөзінше, мұндай екі-үш жарнамадан түскен ақшаға Алматыдан пәтер сатып алуға болады екен, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Алданған жұрттың жайы не болмақ? Қаржысынан қағылғандарға кім қорған болады?

 

Миллиондаған оқырманы бар блогерлердің негізгі табысы екі көзден құралады. Әуелгісі - байқау, екіншісі - жарнама. Міне, бар гәп соңғысында жатыр. Алайда онда тұрған не бар дерсіз? Әңгіме, заңсыз жарнама жайлы.

 

Блогерлер қалдырған сілтеме бойынша өтсеңіз, онлайн казиноға тап боласыз. Мейлі, мұндай сайттардың дұрыс-бұрысын үлкендер білетін шығар, ал балалар қайтеді? Оң-солын ажыратпаған олар, баюдың бар амалы осы-ақ деп, заңсыз қызметке басымен кетуі мүмкін. Кетіп те жатыр. Осындай блогерлерді қарап жүрген аудиторияның 90 пайызы оқушылар мен студенттер!

 

Алайда, заңсыз әрекеттерінің ара-жігін ажыратып отырған олар бар ма? Бастысы, ақшасын алса болды. Сомасы да аз емес. 15 секундтық видеосы үшін 2 млн теңге табады. Ал енді, аптасына кемі 2-3 жарнамадан түсіретінін ескерсек, сюжет басында айтқан жетістіктерге жетпегенде қайтсін?! Өз оқырмандарының ұтылған ақшасы арқылы байып жатыр.

 

Өкініштісі, соны ұғып жатқан жандар аз. Блогерлер жарыса жарнамалап жүрген онлайн казинолардың табысы соның айқын дәлелі. Әрине, нақты соманы айта алмаймыз. Тек, солардың блогерлерге төлеуге дайын тұратын ақшасынан-ақ бюджеттерінің тереңдігін бағамдай беріңіз.

 

Блогерлер түгілі, оңай олжадан әншілер де кетәрі емес.

 

Ерке Есмахан, әнші:

 

Достар, қайырлы кеш, мен сіздермен бір қызық жағдаймен бөліскім келіп тұр. Менің директор сіңлім Ақмарал кеше банан деген ойынды ойнап, сол жерде қомақты ақша ұтып алды. Сонымен бөліскім келіп тұр. Сол ойынды ойнаңыздаршы.

Ал енді сол блогер-әншілерге сеніп, адал еңбегімен тапқан ақшасынан қағылғандардың құлақтарына алтын сырға! Өзгелер де алданып қалмасын десеңіз, заңсыз қызметті тоқтатудың бір-ақ жолы бар. Арыз жазу. Азарт-сайт бұғатталады, ал әлі блогерлерге ірі көлемдегі айыппұл салынады.

 

Айсана Сман, заңгер:

 

Әкімшілік кодекстің арнайы бабы бар. 455 бапқа сәйкес, 60 МРП-ден бастап, 450 МРП-ге дейін айыппұл белгіленеді.

Алайда бір өкініштісі, сайт жаңадан ашыла береді, ал блогерлер үшін бұл айыппұл ештеңе емес. Тиындар ғана. Сондықтан, білетіндер бір-ақ кеңес береді. Онлайн ойындардың жарнамасын көрсеңіз, жоламаңыз! Жеңіл ақша жоқ!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары