12.07.2016, 17:41

Шахановтың өгізбен айқасқаны да өтірік болуы мүмкін

Осыдан бірер апта бұрын "Қазақ әдебиетіне" жазушы Мұхтар Мағауиннің ақын Шаханов туралы жазған көлемді мақаласы жарық көрді. Онда Мағауин Шахановтың өлеңдеріне арқау болған бірнеше оқиғаның өтірік екенін әшкерелеген. Әсіресе, ақынның Бауыржан Момышұлы мен Қадыр Мырза Әлі туралы жазған өлең жолдары қатты сыналған еді. Сондай-ақ, Шахановтың Испанияда корридаға қатысып, өгізбен айқасуы да біраз жұрттың күмәнін туғызды.

Осы күмәнді сейілтейін деді ме, бүгін Шахановтың оқырмандарының бірі - журналист Құдияр Біләл Мағауинге жауап жазды. Мақалаға ол ақынның корридада өгізбен бетпе-бет тұрған суретін де дәлел ретінде салыпты. Сурет Шахановтың кітаптарының бірінен көшірілген.

Осы мақала мен сурет әлеуметтік желілерде жарияланғаны сол екен, тағы да қызу талқыға түсті. Фэйсбук пайдаланушыларының көбі аталған фотосуреттің қолдан жасалғанын айтып отыр. Дәлелді олар Шахановтың көлеңкесінің жоқтығымен түсіндіреді. Расымен де, ақынның артында тұрған адамның көлеңкесі бар да, Шахановта жоқ. Соған қарағанда, сурет қолдан жасалуы әбден мүмкін. Яғни, Мағауиннің бұл оқиғаны өтірік деуінде негіз бар сияқты.

«...Өмірде мұндай оқиғаның өзі түгілі, елесі де болмаған. Коррида – испан жұртының ерлік пен еп сынға түсетін спорттық, салтанат мерекесі дедік. Гүжбан, асау бұқаны қаншама рәсімді тәсіл бойынша піспектеп, найзалап қанға бөктіріп, ақыры, жіңішке, ұзын семсермен жауырын астын бойлата, жүректен шаншып өлтіру – біз үшін баяғы Римдегі гладиатор шайқастарына тетелес, бірақ адам емес, жазықсыз жануар қорлық жазаға тартылатын нағыз әшшады жабайылық көрінсе керек. Алайда, еуропалық ұғымда ерлік пен серілік. Ал испандар үшін футбол және басқа да спорттық ойындардан әлдеқайда қызғылықты саналатын той-думан. Стадионның орталық алаңына көлденең кісі жіберілмейді. Тіпті, коррида туралы арнайы жазған Хемингуэйдің өзі аяқ басып көрмеген. Баяғыда, Хазіреті-Ғали неше мың кәпірді қатарынан, жапыра шапқанда, зұлпықар қылышы қара жердің қыртысын қақ айырып, бұл ғаламды мүйізімен көтеріп тұрған Көк-Өгіздің мойынын кесіп түсуге шақ қалып еді. Сол замандағы жұрт сенген. Бүгінгі Көк-Өгізге де күмән болмай тұр. Бұл Көк-Өгізіңіз – Жоқ-Өгіз деп айтқан кісі – кәпір көрінбек...», - делінген Мағауиннің «Жоқ-Өгізбен шайқас» атты мақаласында.