Мәдениет & Шоубиз 30.12.2020 сағат 22:28

«Билік пен халық жақын емес» - Асанәлі Әшімов

Басқа қайтсін? "Қыз Жібек" фильміндегі әр киімнің түймесіне дейін өнер еді. Қазіргілерді салыстыруға келмейді.
«Билік пен халық жақын емес» - Асанәлі Әшімов
фото: kazakhfilmstudios.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов Жүрсін Ерманмен болған тартысты әңгімені айтып берді. Халық әртісі бала күнінде бір күн ішінде есейгенін айтты. Бұл туралы  актер Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz.

"Тоғыз жасымда мектепте бір күн түнегенім бар. Апамды тал кесуге бір жылға жұмысқа аттандырған. Мені алып кетуге ешкім келмеді. Қас қарайғанша күттім. Ешкім келмеді. Қыстың күні қақаған аязда жалаңаяқ үйге қайтуға қорықтым. Ол кезде бәріміз бір қар жауғанша жалаңаяқ сабаққа баратынбыз. Аяқ киімді тек қыста киетінбіз. Ескірмесін деп күтетін едік. Сондай жылдар болды ғой. Мектепте түні бойы қақайып отырдым. Елестер көрінді. Қорықтым. Тоғыз жастағы бала ертесіне 10 жылға есейіп шықтым. Бір түн ішінде есейіп кеткендей болдым. Менің қазіргі жетістігіме, елдің алдында жүргеніме сол жылдар себепші. Мен ерте есейдім. Еңбекке ерте араластым. Қырманда жұмыс істедім. Соның бәрі менің шыңдалуыма көмектесті",- деді Әшімов. 

Асанәлі Әшімовті халық кейде Жүрсін Ерманмен шатастырып жатады. Сондай сәттің бірін Жүрсін Ерман оңтайлы пайдаланған екен.

"Бірде дүкенге Жүрсін Ерман кіріп келеді. Оны сатушы мен екен деп ойлап қалған екен. "Сіз Асанәлі Әшімовсіз бе?" десе, "иә" деп жауап береді. Содан "Ішім ауырып тұр. Ішім өтіп жүр еді. Қағаз бар ма?" деп сұрап жүгіре жөнеліпті. Сонда мені жаман көрсеткен, менен кек алған түрі. Менімен әзілдегені. Кейде мен де әзілдеп жатамын. Ол өнердегі інім ғой. Сын айтса да, мін айтсам да, інім болған соң айтамын", - деді халық әртісі. 

"Абайды сабаған қазақ басқаны аяй ма?". Бұл актердің ең үлкен өкініші. "Қазақты құртатын - көреалмаушылық" дейді тағы бір сөзінде. 

"Қазақты алға жетелейтін - құштарлық, құртатын - іштарлық. Қазақта іштарлық бұрыннан бар. Ол жойылмайды. Билік пен халық жақын емес. Біз қанша айтқанымен, ол жолға қойылмайды. Абайды сабаған қазақ, басқаны аяй ма? Менің ең үлкен өкінішім осы", - деді ол. 

Асанәлі Әшімовтің әкесі соғыстан оралмаған. Хабар да алмаған. Әшімовтің әртіс болғанын анасы ғана қолдаған екен.

"Мені халық атақ алған соң ғана мойындады. Халық әртісі болдым. Менің әртіс болғанымды анам қалады. Анам ғана қолдады. Себебі ол кезде әртістерге басқаша қарайтын. Әртістерді жақсы көрмейтін. Кейін халық әртісі атанған соң ғана мойындай бастады. Қазір әртістерге деген ондай көзқарас жоқ", - деді халық әртісі. 

Асанәлі мырза күнделікті түсіріліп жатқан сериалдарға қарсы. Оны өнер деп есептемейді. 

"Мен күніне 2 серия түсіретін сериалдарға қарсымын. Түп-тұқияныммен қарсымын. Оны өнер деп атамайды. Ол басқа нәрсе. Қазір заман ағымы солай. Әртістер де сериалдарға түсуге келіседі. Басқа қайтсін? "Қыз Жібек" фильміндегі әр киімнің түймесіне дейін өнер еді. Қазіргілерді салыстыруға келмейді. Сол шақты бастан өткерген біз бақыттымыз", - дейді Бекежанның рөлін сомдаған әртіс аға. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар