Қазақтың сүйікті әншісі, аты мен әні әлемге тараған Роза Рымбаева шығармашылығы жайлы айтты. Халық әртісі қазақ әншілерінің ішінде Димашты ерекше мойындайды. Алайда оның болашағы мен даусына қауіп бола ма деп қорқады.
Бұл туралы NUR TILEÝ бағдарламасында айтылды.
Роза Қуанышқызы қайырымдылықты көп жасайды. Мұқтаж жандарға ғана емес, туған-туыстарына да қарайласып тұрады. 20 туысының отбасын қалаға көшіріп әкелген әнші Рымбаевтар ұрпағының болашағына алаңдайды.
«20 туысымның отбасын қалаға әкелдім. Олар Рымбаевтың ұрпақтары. Бәрін бірден емес, біртіндеп көшірдім. Әлі де көмектесемін. Олардың болашағына алаңдаймын. Балалары қалада оқысын, жақсы мамандық иесі болсын деген мақсат болды. Туыстарыма ғана емес, жалпы қайырымдылықты көп жасайтын адаммын. Мысалы, бірде теледидардан көзі көрмейтін бала туралы көріп қалдым. Оның көз жанарын сақтау үшін ота жасату керек екен. Мен қолымда бар ақшаны алып, оның еміне бердім. Маған жарнама керек болған жоқ. Мені мақтасын деген жоқпын. Балаға көмегім болсын деп ойладым. Қайырымдылықты көп жасайтын адаммын. Жүрегім ауырса, жаным ашыса, қолымдағыны беретін адаммын», – деді Рымбаева.
Халық әртісі әлемді мойындатқан Димаш Құдайбергенді кәсіби әнші деп мойындайды. Алайда оның даусына алаңдайды.
«Әншінің даусы да күретамыр секілді нәзік. Оны сақтамаса, жоғалтып алуы да мүмкін. Димаш қазір көп елге барады. Жоғары нотадағы әндерді шырқап жүр. Денсаулығына, даусына алаңдаймын. Оған ақылымды айтқанмын. Бірақ ата-анасы кәсіби әнші. Димаштың өзі де мұны жақсы білетін шығар. Дауысты жоғалтып алу қаупі әр әншіде бар. Димаштың даусы осы қалыпта сақтала ма, әлде жоғалтып ала ма, оны уақыт көрсетеді. Мен де даусымды жоғалтып алмасам, осы биікте қалсам, сахнада осы биікте жүрсем деп армандаймын», – деді Қуанышқызы.
Роза Рымбаева әншілердің фонограммамен ән айтуына қарсы. Интернет жұлдызы атанған кей әншілер сахна әншісі емес деген пікір айтты.
«Фонограммамен ән айтуға қарсымын. Бұл мәселені 15 жыл бұрын көтергенмін. Мен сахнада жанды дауыста ән айтамын. Өзін кәсіби әншімін деп есептегеннің бәрі жанды дауысты ән шырқауы керек деп есептеймін. Қазір халықтың талғамы төмендеп кеткені соншалық, фонограммамен ән шырқайтын концертке де, жанды дауыста ән шырқайтын концертке де бара береді», – дейді.
Халық әртісі өзіне ең үлкен ұстазы марқұм жолдасы екенін мойындады.
«Егер жолдасым болмағанда мен қарапайым мұғалім болар ма едім, облыстық деңгейдегі әнші болар ма едім.
Әнші болып танылмас па едім. Тасқынды өзімнің ұстазым санаймын. Одан бөлек Бибігүл Төлегенов, Ермек ағаларымды ұстазым санаймын», – деді ол.
Дереккөз: qazbrend.info