12.02.2021, 15:00

Әйелдерге ода арнаған ақын 70-ке толды

Фото: ашық дереккөз
Әлеуметтік желіде құттықтап жатқандар көп.
Бүгін ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман 70 жасқа толды.

Жүрсін Ерман 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Байқоңыр кеңшарында дүниеге келген. 

Әлеуметтік желіде құттықтап жатқандар көп. 

"Қазақтың қолына өлең тағ-ақ сеніп тапсыруға болатын ақтаңгер ақыны Жүрсін Ерман жетпістің жотасына шықты. Жетпіске кім келмей жатыр дерсіз. Бірақ мәселе әйтеуір келуде емес, қалай келуде ғой. Биікке жорғалап жүріп жылан да шығады, екпіндей ұшып қыран да шығады деген бар. Жүрсін жүйрік осының соңғысына жатады. Өйткені, ол атаулы жасына жомарт ой мен жоғары шеберлік иесі ретінде жетті. Жомарттық ұғымының да жетерлік қыры бар ғой. Өз басым соның бастысы - әйтеуір төпей бермей, бір соқса да иін қандырып, икемге келтіріп беру деп ұғамын",- деп жазды балқаштық ақын Абзал Бөкен.

Жүрсін Ерман дегенде көпшілік оны қазақтың бекзада өнері айтыстың жүргізушісі ретінде таниды. Өзі де үнемі сұхбаттарында айтып жүреді.

"Менің айтыстағы танымалылығым, айтыстың жүргізушісі, ұйымдастырушысы ретіндегі беделім шығармашылығымды басып кете береді. Жұрт мені көбіне сол жағынан таниды. Менің есімді білгеннен бергі кәсібім, құштарлығым – әдебиет, өлең, қара сөз",- дейді Жүрсін Ерман Qamshy.kz порталына берген сұхбатында.

Ақынның ел арасында кеңінен танымал өлеңдерінің бірі «Әйелге ода» деп аталады.

ӘЙЕЛГЕ ОДА

Қай жерде, мейлі, қай елде

Әлемнің мәні – Әйелде.

Мықтымын десең оныңды Әйелге барып дәлелде!

Әйелсіз айтпан әнді мен,

Әйелмен дәмді әңгімем.

Сүйкімді болсаң шынымен,

Әйелің сүйсін алдымен!

Әйелге мәлім көп сырың,

Сүрінсең – әйел деп сүрін.

Халыққа сыйлы болмайсың,

Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,

Әйел деп түстік отқа сан.

Әлемнің тілін таппайсың,,

Әйелдің тілін таппасаң!

Болмасын әйел назалы,

Болмасын әйел жазалы.

Кеудесін қаққан талайдың,

Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?

Сол үшін түстік көкпарға.

Қарғағың келсе біреуді,

Әйелcіз өтсін деп қарға!

Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін – сол шебер.

Бақытты сен де болмайсың,

Әйелің сорлы болса егер!

Жөн емес қазақ нақылы,

Болсаң да әлем ақыны,

Жетеді билеп-төстеуге

Әйелдің қысқа ақылы.

Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!

Айта кетейік, Жүрсін Ерман 15 жасында аудандық газетке әдеби қызметкер ретінде жұмысқа тұрады.17 жасында бөлім меңгерушісі болып тағайындалады. Ол жұмысшы жастардың кешкі мектебін аяқтап, Алматыдағы Абай атындағы пединститутқа оқуға қабылданады. 1992-1994 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1995-1997 жылдары «Жұлдыз» журналындағы поэзия бөлімінің меңгерушісі болады. 2003 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғылыми қызметкері, 2006 жылдан 2009 жылдың қазан айына дейін «Қазақстан» РТРК Қазақ республикалық радио бас директорлығына тағайындалды. Осы күні Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы.

Тұңғыш өлеңдер жинағы «Жанартау» 1983 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Қазақ халқының кеңес дәуірінде үзіліп қалған бағзы заманғы суырыпсалмалық өнері – ақындар айтысын жандандырып, дамытуға ұйтқы болып жүр. 1984 жылдан жүздеген ақындар айтысын өткізіп, оған меценаттар тарту арқылы жанжақты қолдау көрсетті. Ақындар айтысын жинақтап, жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды. «Жанартау», «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба…» (1989), «Құдіретке жүгіну» (2005), «Екі тізгін, бір шылбыр» (2007), «Құстың көлеңкесі» (2008) атты жыр жинақтарының авторы. 

М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, С.Сейфуллиннің 100 жылдығына арналып өткізілген республикалық ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

Тегтер: Жүрсін Ерман