Белгілі актер Қайрат Әділгерей Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында қазақ халқының музыкалық талғамы мен продюсер Бағым Мұхитденованың Димаш Құдайбергенді сынағаны туралы пікір білдірді, деп хабарлады paryz.kz.
"Талантты танымай жатыр деген сияқты әңгімелер ғой. Бағым Мақсатқызы емес Димашты танымай отырған. Жалпы қазақ қазір Димаш биікте жүрсе де әлі танымайды. Димаштың өнеріне мұқтаж емес. Неге? Өйткені біздің музыкалық сауатымыз, деңгейіміз жоқ. Қазақты әлемге танытып жүрсе де Димаштың деңгейіндегі музыка тыңдайтын халық аз. Себебі сауатсыз әншілер құлақты бітеп тастаған. Соларды, жеңіл әндерді дәріптейді бізде. Ал егер радио, телевидениеден симфониялық, жақсы фирмалық әндерді тыңдата берсек, жұрттың музыкалық деңгейі өсер еді. Сонда олар таланттың бағасын білер еді. Талғамды қалыптастыратын – өнерпаздар", - дейді актер.
Оның пікірінше, Бағым Мақсатқызы 2014 жылғы музыкалық шоуда Димаш Құдайбергеннің орындауына әділ баға берген.
"Бағым Мақсатқызы сол кезде өте дұрыс баға берді. Өйткені Димаш бір әнге өзінің бар мүмкінігін салып, ән айту шеберлігінің бәрін көрсетіп тастады. Өлеңнің стилі болу керек. Бағым Мақсатқызы соны айтты. Ол – Қазақстан бойынша кәсіби музыкалық сыншы, педагог. Сабақ береді, әншілерге ән айтуды үйретеді. Димаш Димаш болғалы Бағымға күйе жағылды. Ал егер Димаш әлі де ауылда жүретін болса, Бағымның айтқан сөзін ешкім елемес еді. Сондықтан кәсіби тұрғыдан ол кезде маман өте дұрыс пікір білдірген", - дейді Қайрат Әділгерей.
Айта кетсек, сұхбат барысында актер Болат Назарбаев туралы да, діни дискриминацияға деген көзқарасын да білдірген.