Жақында лауазымды қызметке тағайындалған айтыскер ақын Ринат Зайытов сұқбат беріп, жаңа қызметіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ұжымды басқару – ұжыммен тіл табысу. Сосын жауапкершілікті мойныңа алу. Мен әу бастан жауапкершілік алудан қашқан жоқпын. Өзім айтқан сөзім үшін де, істеген ісім үшін де. Дәл сондай жауапкершілік мойныма ресми түрде жүктелді", – деп түсіндірді жаңа қызметін айтыскер ақын.
Айтуынша, жаңа қызметіндегі айлығы шамамен 200 мың теңге. Ал өзі директор болған өнер ордасының жылдық бюджеті 17-18 миллион теңге.
"Ең бірінші еден жуушылармен сөйлестім. Олардың нақты айлығын білемін. Ең көбі – 56 мың теңге. Ол жерде жұмыс істейтін әнші-әртістің айлығы 100 мың теңгеден аспайды. Оның сыртында Алматы қаласының әкімдігінің тапсырмасы бар: "Ринат, ұлттық өнер ақсап барады. Мына жақты реттеу керек. Айғайлағанда адалмын дейсің ғой, істеп көр" деп ұсыныс айтты", – дейді айтыскер.
Сұқбат барысында әзірге "Үш жүздің тағдырынан үш қыздың тағдыры артық болып тұр" деген сынды сөз айтпайтынын жеткізді.
"Әзірге айтпаймын. Қызметтік этика деген бар. Ол автоматты түрде келетін компромисс. Қызметке барамын деп келісім беретін кезде олар маған "айтпайсың, үндемейсің" деген жоқ. Өзіме-өзім шектеу қоятынымды іштей білдім. Жалпыұлттық мәселелерде ойды ашық білдіруге ешкім тоқтау салған жоқ. Бірақ бұрынғыдай отырып алып, кешке дейін ұра бермеймін. Оған уақытым да жоқ, екіншіден, менің түсінігімде ұятсыздау болады", – деді Зайытов.
Ринат Зайытов "оққағарыңыз бар ма?" деген сұраққа таңданыспен жауап берді.
"Кім атайын деп жүр мені? Атқысы келген адам оққағарға қарамайды ғой", – деді Зайытов.
Әңгіме барысында Ринат Зайытов Димаш Құдайбергеннің Америкаға көшкелі жатқанына қатысты ойын айтты.
"Дәл сол балада енді шаруам жоқ. Қазақ екіге бөлінеді: мені жақтайтындар және оны жақтайтындар. Шаршадым ондайдан. Бос әңгіме… Қазақты ырылдастырудан шаршадым. Қазақтың басын қосқым келеді", – деді ол.