$ 498.34  519.72  4.85

Мейірхан ертеңіне сенеді

Мейірхан Топанбай – жас ақын, болашағынан мол үміт күттіретін азамат. Дүние есігін ашқанынан ДЦП мен талма, көз ауруларымен алысып келе жатқан 22 жастағы жігіт «бойымда дертім бар» деп еш қаймыққан емес.

Тағдыр сынынан сүрінбей өту үшін ел азаматтарына үлгі болып, жүрек қалауымен өлең жазумен айналысып, тіпті төрт бірдей тілді меңгерген. Түрік және француз тілдерінде жазатын ақын-жазушылардың шығармашылығымен етене таныс ақын аудармашылық қырымен де таныла бастаған. Ол шығармаларын зағип әліпбиіне сүйеніп жазады. Мейірханның жүрек төрінен шыққан өлеңдері мен аудармалары небір әдебиет сыншыларының оң бағасына ие болған.

Жас ақынның үлкен жетістіктерінің бірі – республикалық «Шарапат» шығар­машыл жастардың бас жүлдесі. Төрт тілді еркін меңгерген азамат соңғы уақытта түрік тілінде де өлең жазып жүр. Сондай-ақ Фериде Аслан, Неслишаһ Ерген, Суна Гулер, Юлдуз Ұлықбекқызы, Софья сияқты әдебиет өкілдерінің шы­ғармаларын аударып үлгеріпті. Мейірхан Топанбайдың қайсарлығы мен өмірге деген құштарлығын, өлеңге деген ынты­зарлығын байқаған әдебиет сыншысы Жазира Әнуарбекқызы «Абай.кз» порта­лында шыққан «Қайта бүр жарған үміт» атты өлеңдер топтамасының алғы­сөзінде өзінің жылы лебізін былай жеткізіпті: «Мейірхан – жүрегі жаралы жан. Алайда жігерін өмірдің өзі ұштаған. Тағдырдың дауылы бұтағына сызатын келтіріп, есеңгіретіп кетсе де, өнерге ғашық жүрек­пен қайта өмір ағысына қосылған, өз сызатын өзі емдеп, ерке көктемде қайта бүр жарған шынар ағашы сынды!» Ал филология ғылымының докторы Айнұр Әбдібекқызы: «Ол өлеңді өзі үшін жазады, дертті жанын емдеу үшін. Жұды­рықтай жүрегі бақыт іздеп сабылады. Туғалы ДЦП, эпилепсия, ми тамырла­рының кеңейіп кетуі, көз жанарының нашар көруі сынды аурулармен алысып келе жатса да, қолынан қаламын тастаған емес. Мейірханның жырларын еш сынай алмаймын. Себебі, сыршыл жанның өзін жұбатуына кедергі келтіргім келмейді» деген екен.

Расында да, Мейірханның сыршыл жан екенін оның өлеңдері мен күнде­ліктеріне жазылған терең мағыналы ойла­рынан еріксіз байқайсыз. Күнде­лігіне үзік ойларын жазып отыратын азамат бірде: «Мүмкіндігім шектеулі болғаныма мен айыпты емеспін. Аяп мүсіркеп, яки, менсінбей қараудан арыл­са ғой адамдар!» деген екен. Тағы бір жазбасында: «Суық жанарлардың қадала беруінен қажыдым, тәнім дертпен алыс­са, жаным көкірек көзі соқыр жандардың қарасынан қашқақтап бағады» дейді. Мейірханның парасат-болмысын аша­тын тағы бір қадау ойы: «Дерт тәнді меңдесе түк емес, жанды меңдесе қиын­дау» дегені. Шынында да, қазір қоғам­да он екі мүшесі сау, тәні дерт көрмесе де, жанын дерт басқан қаншама адам бар!.. Ал Мейірханның ерік-жігері мен қайсар­лығы, өмірге деген құштарлығы мен сауығып кетуге деген үмітінің арқасында жүрегінде лаулап тұрған от бар. Ол – мүмкіндігі шектеусіз жан. Өкінішке қарай, тілдерді меңгеруге икемі бар та­лант­ты азаматтың соңғы кездері денсау­лығы сыр беріп жатыр. Бұл жайында Мейірхан әлеуметтік желілерде жария­лан­ған хатында ашып айтып, мейірімді жандардан көмек қолын созуды сұрайды.

– Бұрын-соңды ешкімнен ешқандай көмек сұрамап едім, – деп бастайды жас ақын. – Биылғы сәуір айының ортасынан бастап туа біткен дерттеріме тағы бір сырқат қосылды. Жанымды қоярға жер таппай жүрмін. Аймақтағы дәрігерлер он екі шек жара сырқаты деп диагноз қойды. Сонымен, ем қабылдап жатыр­мын. Барша ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Менің қалауым – мықты бір диагностикалық орталықта тексеріліп, сол тексеріске қарай жақсы ем қабылдау. Сапалы дәрілерді ішіп, ертерек жазылу. Бүгіннің өзінде дәрі-дәрмек алуға қаражат жағы ауыртпалы­ғын сездіріп жатыр.

Денсаулығына байланысты көп қиындық көрсе де, Мейірхан ертеңіне мол үмітпен қарайды. Мұнысымен ол тағдыр соққысына ұшыраған басқа да жандарға үлгі болып отыр. Қиындықты жеңу жолын ол өз күнделігіне былай деп жазыпты: «Тағдыр жолы ұзақ сапарға бас­тайды, әркімді әртүрлі мекенге апа­рады. Жол болған соң, сан түрлі сындар алдыңнан тосады. Тағдыр жолында бір қағида – шыдам мен сабырды жоғалтпау. Шыдам шыңға бастайды. Сабыр жүрек­тің тыныштығына жол ашады». Расында да, ислам ғұламалары. «Сабыр – бүкіл жақ­сылықтардың, ал шүкір – бүкіл берекелердің кілті. Кімнің бойында осы қа­сиеттер табылса, ең биік рухани мәрте­белерге қауышады» десе, атам қазақ көнеден: «Сабыр түбі – сары алтын» – деген екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сабыр еткен адам жеңіске жетеді» демекші, Мейірханның өлеңдерімен таныс жанашыр азаматтар оған жеңіс тілейді. Жас азамат дертін жеңсе, елі үшін аянбай еңбек етуге дайын. Бұл арада ол: «Мен бойымдағы бар дерттен айығып, жұрт қатарлы ғұмыр кешкім келеді. Күллі түркі жұртының тарихы мен тілін лингвистикалық тұрғыдан талдай алатын, білгір маманы, түрколог болуды армандаймын. Аяқтан тұрып, алақай айтар таңды, жүзім жадырар күнді күтемін» дейді.

Тәуелсіз елінің дамуына үлес қосып, көк байрақтың тек биіктен көрінуіне атсалысқысы келетін азамат тағы бір сөзінде: «Менің Отаным – Қазақстан, менің жаным, жүрегім – қазақ. Еркін елдің – ұланымын, соның өзі жаныма медеу» деген ойы арқылы патриоттық сезімінің қаншалықты үлкен екенін еріксіз аңғартады.

Мейірханның аяқтан тұрып, соңғы кездері қатты мазалап жүрген дертінен айығып кетуі үшін қаржылай көмек пен дәрігерлердің демеуі аса қажет. Жақсы адамдардан көмек қолын созуды сұрап отырған Мейірхан өз ойын өлең жол­дары­мен:

Қиял көгім күн көрмей,
Түнек ойлардан қажыды,
Үміт гүлдерім гүлдемей,
Көңілімді күз реңі тұмшалады.
Жақсылыққа сенген жаным,
Жаратқанға үнсіз жалынды.
Мейірімді жан бар болса,
Еститін шығар зарымды,
– деп ойын қайырады.

Қазіргі жағдайын Мейірхан белгісіз­дік деген бір ауыз сөзбен суреттейді. Оның айтуынша, ертеңіне деген үміттері мен жанын қинаған дерті айқасқа түсіп, жүрегін өксікке толтыруда. Бірақ ертеңге деген сенім, жарқын болашаққа деген үміт сары уайымын сейілтеді. Мәжбүрлік пен шарасыздықтан елден көмек сұрауға мәжбүр боп отырған азаматқа қолұшын созам деушілерге реквизиттер төмен­дегідей: Киви әмиян: 87052189137. Халық банкіндегі есепшоты: 6762 0035 1933 9872. KZ186010002005226488. ЖСН/ИИН 570218401077.

Кәмшат ТАСБОЛАТ,

Айқын

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары