$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО әкімі Шәмші Қалдаяқовқа ескерткішті өзінің туған ауылында орнатпақ

Бұған дейін қазақтың бірде-бір композиторіне өзінің туған топырағында ескерткіш орнатылмаған екен. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың мүсіні қазіргі Шәмші ауылында тұруы тиіс деп есептейді. Бұл туралы ол дәстүрге айналған «Менің Қазақстаным» ән фестивалінің марапаттау рәсімінде айтты.

«Шәмшінің ескерткіші Қазақстанның ірі қалаларының бәрінде болмаса да басым көпшілігінде бар. Бірақ, сазгердің өзі туып-өскен ауылда жоқ екен. Сондықтан, Шәмші ауылына Шәмшінің мүсіні қойылу керек деп есептеймін», - деп атап өтті Бейбіт Бәкірұлы салтанатты шара барысында.

Айта кететін тағы бір жайт, жыл сайын Ш.Қалдаяқовтың туған күні қарсаңында өтетін «Менің Қазақстаным» ән фестивалі де биыл алғаш рет Шәмшінің өзі туған ауылында өткізіліп отыр. Бұған дейін айтулы концерт Шымкентте немесе Арыс өзенінің жағасында ұйымдастырылатын. Ал, келер жылы оны Шәмшінің біраз әніне арқау болған Созақта өткізу жоспарлануда.

«Ұлы жазушы Мұхтар Əуезов айтқандай Шəмші əуені ХХ ғасырдың төбесінен сорғалап тұрған тілмен айтып жеткізе алмайтын лирика. Ол ХХ ғасырдың ғана емес, адамзат баласы өмір сүре беретін келешек заманалар төбесінен де тамшылап тұрар құдырет», - деді облыс басшысы.

Осылайша, ән әлемінің падишасы, вальс королі Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» конкурсында биыл жүзден жүйрік шығып, бас жүлдеге ие болған болашақ эстрада жұлдызы – Отырар ауданының тумасы Руслан Ақынбеков болды. Байқауға Шымкент қаласынан сынға түскен Тұрғынбек Бекзат І орынға ие болса, жүлделі ІІ орын созақтық Гүлбану Шалабаеваға бұйырды. Үшінші орынға Түркістан шаһарының намысын қорғап келген «Асу» дуэті лайықты деп танылса, облыс əкімінің жүлдесіне арыстық Жұлдыз Әділбекова қол жеткізді. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барша үміткерлерге облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары