Қазақстаннан шыққан стендап-комик Евгений Чебатков "Первый канал" арнасындағы "Вечерний Ургант" шоуының қонағы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz . Шығарылым видеосы кеше кешке жарияланды.
Евгений Чебатков шоуда стендап-комик ретінде алғаш рет Канадада оқып жүргенде өнер көрсете бастағанын айтты. "Онда "Борат" фильмінен тақырыптар пайдаланатынмын, себебі мен қазақстандықпын және "Борат" сол кезде қызу талқыланып жатқан. "Сәл-сәл осымен ойнай тұрайын" дедім. Таптаурын ойларды мүмкіндігінше бұздым", - деді Чебатков.
Сондай-ақ, комик Томскідегі радиода жұмыс істеп жүргендегі "күйзелісті" сәттерін еске алды. "Сен бір сағат бойы SMS-терді біреу жазып жатқандай ойлап табасың. Бірақ бұл әлемдегі ең күйзеліске толы жұмыс, өйткені саған ешкім жазбайды, - деді Евгений Чебатков. - Содан кейін анам менің қайда жұмыс істейтінімді білді де, жазуды қойды".
Евгений Чебатков - өскемендік 30 жастағы комик, ТНТ-дағы Stand Up шоуының қатысушысы. Ресей мен Канадада оқыған.
Бұған дейін Евгений Чебатковтан ресейлік журналист әрі блогер Юрий Дудь сұхбат алған.