Ресейдің әйгілі әртісі Алла Пугачева қазақстандық рэп орындаушы Скриптониттің шығармашылығына бағасын беріп, оған қатысты өз ойын айтты. Эстрада жұлдызы оның әндерінен адалдық сезілетінін алға тартты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Алла Пугачева өзінің жолдасы жүргізетін “Музикалити” бағдарламасында қонақ болып, оның барысында ұсынылған түрлі әншілердің өнеріне деген көзқарасымен бөлісті. Эфир кезінде “Скриптонит” лақап атымен ТМД елдеріне аса танымал отандасымыз Әділ Жалеловтың “Чистый” деген әні қойылды.
Пугачева рэп орындаушының шығармашылығымен жақсы таныс болып шықты. Ол тіпті, Скриптонитті өзінің сүйікті ақыны екенін айтты. “Өз ойын дұрыс жеткізетіні таңғалдырады. Мұндайды адалдық пен тазалыққа жақын, өтірікті жек көретін адамдар ғана жаза алады. Неге ақын деп атап отырмын? Оның нағыз болмысы сол. Оған бәрі ұнамайды, алайда бастысы уайым-қайғыға салынбаса болды.
Бастапқыда мен оның шығармашлығын аса түсінбедім. Кейін тыңдай келе оның өзі туралы, сезімі, пайымы туралы ән салатынын ұқтым. Кімді көріп тұрғанын, кімді жек көретінін, кімді жақсы көретінін айтады. Бойында тұлға бар. Оның дәл бүгінгі күн туралы айтатыны ұнайды, ол көргенін айтады. Ол – ақын, нағыз ақын” , – деді Пугачева.
Пугачева Скриптониттің өнерін ең жоғарғы 10 баллаға бағалады. “Он балл қоямын. Әндерінен адалдық сезіледі. Оның үстіне ең бастысы ол – қазақ. Ал мен қазақтарды қатты жақсы көремін” , – деді ол. Қызығы, эфир соңында Пугачеваны туған күнімен құттықтау үшін Скриптониттің өзі кіріп келді. Әділ Жалелов Ресейдің эстрада жұлдызына гүл шоқтарын тарту етті.