2016 жылдың 2, 3 және 4 қыркүйегінде Алматыдағы Абай атындағы алаңда кешкі сағат 19:00-де жыл сайынғы VII«Оркестрлер шеруі» аспанасты музыка фестивалі өтеді.
Айтулы іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын және Алматы қаласының 1000 жылдығын атап өтуге арналмақ.Биыл «Оркестрлер шеруінің» тартымды дыбысы бүкіл алматылықтар мен қала қонақтарын ерекше сезімге бөлейтіні сөзсіз. Үздік қазақстандық оркестрлердің таңдаулы әуендері ашық аспан астында кезекті рет шырқалатын болады.Жыл сайынғы секілді биыл да іс-шараның негізгі қатысушылары Қазақстан Республикасының оркестрлері болмақ.2 қыркүйек күні Оркестрлер шеруін Арман Жүдебаев жетекшілік ететін Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар академиялық оркестрі мен «Сазген-сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ашады.Оркестрлер шеруінің екінші күні әлем жұртшылығының жүрегін жаулаған 80-ші жылдардың хит әуендері шырқалатын болады. Танымал әншілердің орындауындағы әндер фестиваль қонақтарының құлақ құрышын қандырмақ. Қанат Ахметов жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі сазды әндерге жан бітіреді. Сонау сексенінші жылдардағы сүйікті әншілеріміздің ұмытылмас композициялары Алматыдағы жетінші оркестрлер фестиваліне келген қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлайтын болады.Фестивальдің соңғы күні Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Тыңдармандарға әйгілі әлемдік және қазақ композиторларының ән қазынасы тарту етілмек. Оркестрге Қанат Омаров пен Нұржан Байбосыновтар дирижерлік етеді.Айта кету керек, осынау бірегей мәдени жобаға жыл сайын шетелдік қонақтардың қызығушылығы артып келеді. Жыл сайын іс-шараны он мыңдай адам келіп тамашалайды.