Үш күнге созылған дәстүрлі «Оркестрлер шеруі» Алматыда өз мәресіне жетті. Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған.
Шерудің бірінші күнін Құрманғазы атындағы Қазақ академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Сазген Сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ашқан болатын. Концерт барысында Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Е.Брусиловский, И.Штраус және А.Вивальди сынды күйші-композиторлардың туындылары орындалды.
Ал, фестивальдің екінші күні қала тұрғындары мен қонақтары Қанат Ахметов жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің орындауында 80-ші жылдардың хит әндерін тыңдады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерт репертуары әдейі көрермендердің қалауы бойынша әзірленген.
Фестивальдің соңғы күнін Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі қорытындылады. Парад дирижерлары - Қанат Омаров, Мусим Эмзе және Нұржан Байбосынов.
«Биыл барша қазақ жұрты айтулы екі бірдей мерекені, яғни Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының мың жылдығын атап өтеді. Өздеріңізге мәлім, концерттік бағдарламасыз, көтеріңкі көңіл-күйсіз ешқандай мерекенің сәні кірмейді. Сондықтан, Алматы қалалық мәдениет және мұрағат басқармасы "Оркестрлер шеруі" атты үлкен музыкалық марафонды ұйымдастырып отыр. Үш күн бойы, яғни 2, 3 және 4 қыркүйекте Республика сарайының алдындағы алаңда Қазақстанның алдыңғы қатарлы академиялық оркестрлері қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін паш етпек. Олардың қатарында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Қазақстанның мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі бар.
Биыл жетінші рет өткелі отырған осынау оркестрлер фестивалінің репертуары да сәтті таңдалған. Біз терең мағынаға, даналыққа және мұңға толы қазақ композиторларының туындыларын тыңдарман қауымға ұсынбақпыз. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында біз өткен тарихымызды, кімдердің ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз керек. Біз Ұлы даланың ұландарымыз!», - дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Азамат Көшенов.