$ 444.32  473.33  4.76

Алматыда Бибігүл Төлегенова вокалистерінің VIII халықаралық байқауы өтеді

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы қарсаңында Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық сегізінші байқауы өтеді. Бұл шара тәуелсіз Қазақстан жас әншілерінің биік талғамын, өнерге деген терең түсінігін қалыптастыруды мақсат етеді.

Халықаралық байқау жас өнерпаздардың назарын классикалық және халық әндеріне аударып, оларды нағыз өнердің бұлағынан сусындауға шақырады. Ән сайысы жаңа таланттардың есімін анықтап, қазақ классикалық өнерін асқақтады әрі жастардың рухани кемелденуіне көмектеседі. Халқымыздың мәдениеті мен оның жан-дүниесін қалтқысыз тануға жол ашатын таңдаулы туындылар орындалады. Оған қоса, Қазақстан композиторлары шығармашылығынан да халық әндеріне ұқсас туындылар ұсынылады.

Іріктеу кезеңі және ақтық сайыс Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармония залында, ал ашылу және жабылу салтанаты Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.

Әлемнің түкпір-түкпірінен (Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Башқұрстан, Литва, Ресей, Германия, Чехия, Моңғолия, Болгария) және еліміздің барлық аймағынан опера саласының 65 әншісі бас қосады.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық байқауы тек қана өнер сайысы емес. Ол Алматы қаласы мен қонақтары асыға күтетін ән мерекесіне айналып кеткен.

Конкурсқа 1984 жылдың 1 қазаны мен 1997 жылдың 1 қазаны аралығында өмірге келген өнерпаздар қатыса алады. Байқау іріктеу және ақтық кезеңнен тұрады. Барлық тыңдалым ел алдында өтеді. Әншілердің сахнаға шығу реті жеребе арқылы анықталады. Ал соңғы ақтық кезеңде 12-14 қатысушы бақ сынап, сайысқа түседі.

Халықаралық байқау қатысушыларының өнері мен талантын беделді әрі кәсіби білікті мамандардан құралған әділқазылар бағалайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары