Баршамызға мәлім болғандай, 2016 жыл ЮНЕСКО тарапынан әлемдік деңгейде халықаралық «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияланды. Осы атаулы оқиғаға орай, Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Қазақстандық өнер сүйер қауымға үлкен тарту жасамақшы. Түрік мәдениет орталығы, Түркияның Қазақстандағы елшілігі және Қазақ Ұлттық өнер университетінің қолдауымен әлемге танымал түрік пианисті Тулуйхан Уғурлу Ясауи бабамызға арнап жазған шығармаларын пианинода орындап, Қазақстанда екі концерт береді.
Алғашқы концерт 20 қыркүйек күні кешкі сағат 19.00 да Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» ғимаратында, ал екіншісі 22 қыркүйекте бабамыздың туған жері Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ–түрік университетінде өтеді.
Концерттерде 850 жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген Қожа Ахмет Ясауи көрерменге музыка тілімен танытылады. Сахна көріністері қазақша және түрікше екі тілде қатар ұсынылады. Батыс әлі қараңғылықтың түнегінде жатқан кезде бабамыз алға тартқан «ойлану және еңбек ету ғибадат» философиясының Селжук және Осман императорлығы кезеңіндегі мәдениет, мемлекет және дін жүйесіне жасаған ықпалы сахнада тарқатылады.
Тулуйхан Уғурлы Ясауидің туған жерінде және Астаналық көрермендер алдына шығып ғұлама бабамызға арнаған шығармасын орындау өзін қатты толқытатынын тілге тиек ете отырып былай дейді: «Жырақта бір ғұламаға арнап шығарма жазасыз және оны сол ғұламаның туған жеріне барып орындайсыз. Бұл дегеніңіз сөзбен жеткізіп айтуға болмайтын бақыт! Қазақстан, Ясауидің жүріп өткен жерлері, Түркістан және Шымкент мен үшін өте қымбат, қасиетті орындар. Бұл жерлерді барып көру борышымыз, міндетіміз».
Тулуйхан Уғурлу «дәл қазір елде қалыптасқан ауыр кезеңде Түркияға қолдау білдірген, іші мен сырты бірдей, сөзіне берік бауырлас ел Қазақстанда өнер көрсету өзін ерекше көңіл толқынысына бөлейтінін айта келе Ясауидің философиясына қатысты көзқарасын былайша түйіндейді:
«Ағартушылық үдерісі алдымен бізде, ал Батыста бізден кейін бастау алды. Яғни, елдің түсінігіндегідей әлем Ренессанс дәуірінен бастап қайта жаңғырығып өрлемеді. Әлем Азиядан Анадолыға, Анадолыдан Балқандарға қарай шашыраған сәулемен түледі, өрледі. Ахмет Ясауи түркі халықтарына ең қарапайым және ең дұрыс жолмен Исламды танытты. Ясауи жолы Селжук мемлекеті мен Осман империясының негізгі идеясына арқау болды. Сондай-ақ, өзінен кейінгі білім және дін адамдарының көшбасшысы бола білді. Селжук және Осман империясының қарапайымдылығы, даналығы, күш-қуаты мен жетістігінің түп негізі Ясауи жолымен сусындауында жатыр. Қожа Ахмет Ясауи ер-әйел теңдігін дәріптеген, әр кім өз жанын өзі баққаны жөн деген, "білім – адамды Аллаға табыстырған және болмысты біліп жаратушыны тануды қамтамасыз етер жол" деп айтқан ұлы тұлғамыз. Сондықтан, бұдан былай ең алдымен өз төл құндылықтарымызды қайтадан ұлықтап үйренуіміз керек деген ойдамын. Бұл ұзын жолда атқарылатын қыруар іс бар. Бұл істің ірге тасы мен түп қазығының бірі – Қожа Ахмет Ясауи».