$ 447.4  477.55  4.76

«Сіресіп, қатып қалатынмын»: Медеу Арынбаев сахнада ес жоғалтқан кездері жайлы айтты

...Сахнада тұрып, тілім күрмеліп қалдым Ән кетіп жатыр, жанды дауыста. Көрермен түсінбейді, ұйымдастырушылар келіп, сахнадан жайлап алып кетті.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Медеу Арынбаев бала кезінен төбелеске жақын болғанын жасырмайды. Сан рет қатарластарымен жұдырықтасқан әнші есейе келе мұның зардабын шеккен. Бұл туралы Stan.kz Аман Тасығанның "Ең алғашқы" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Арынбаев денсаулығына үлкен зақым келтірген оқиғаны баяндады. 

«Қара күз, қоңыр салқын. Кожадан тігілген жаңа куртка киесің, басыңда жаңа тымақ. Такси тоқтататын жерге дейін шам жоқ жерде қара түнекпен келе жатқан кезде үш қазақтың спорт киген жігіті шығып, «киіміңді шеш» деді. Заман солай болды. Бұндай халге түсетінімді білсем, әрқайсысына бір куртка сыйлайтын едім ғой. Жоқ, намыс. 

Шешкендей бола тұра, біреуіне бір соққы беріп, кетіп қалдым. 4-5 сағат ән айтып, шаршаған шығармын. Олардың аяғында спорттық аяқ киім. 10-20 метрден кейін жетіп алып, қатты соққыға алған», – деп еске алады Арынбаев.

Үсті-басы қанжоса, бет-аузы адам танымастай болған Медеуді алғаш болып досы көрген. Әншінің миы шайқалып, басына қатты зақым келген. Алғашқыда өзгеріс байқалмағанмен, оның сыры 7 жылдан кейін ашыла бастаған. 

«2-3 минутқа дейін ес жоғалтасың. Ес жисаң, қайда, не істеп отырғаныңды білмейсің. Сырттан қарағанда өте жағымсыз сурет. Рөлде отырсың ба, сахнада тұрсың ба, жоқ отырыста отырсың ба, айтып келмейді. Кез келген жерде есімді жоғалтатын болдым. 

Рөлде келе жатқанымда 4 рет есімді жоғалттым. Сақтаушы періштем бар деп үнемі айтып келемін. 4 рет ешкімнің денсаулығына зақым келтірмей, тек қана темір-терсектің қисаюымен шектелді», – дейді Медеу.

Өнерін жанындай сүйетін әнші үшін ең сорақысы – сахнада болған оқиға.

«Үлкен мерекелік шарада… Сахнада тұрып, тілім күрмеліп қалдым Ән кетіп жатыр, жанды дауыста. Көрермен түсінбейді, ұйымдастырушылар келіп, сахнадан жайлап алып кетті. Құламайсың, ең бастысы ес жоғалтасың.  Бірақ сіресіп, қатып қаласың», – деп қорқынышпен еске алды әнші.

Осындай оқиғалардан кейін, өнер иесін жауапты мерекелік шараларға шақыруды қойған. Ақырында ота жасатқан Арынбаев бұл дертінен түбегейлі арылған. Алайда залалсыз емес. 

«2 жыл бұрын жасалған отадан кейін сіресіп қалу, ес жоғалту мүлдем тыйылды. ...Ота жасаудың алдында жарты жыл бұрын психотроптық дәрі іштім. Мінезім өзгерді, дөрекілене түстім, ашушаң болдым. Аяқ астынан біреу дөрекі сөйлесе, екі есе дөрекі сөйледім. Соңғы екі жылда орынсыз ренжіткен жандар мені көріп отырса, кешірім сұраймын», – дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары