Бүгін Шымкенттегі «Көрме» орталығында Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасының премеьралық көрсетілімі өтті. Аталған жалпыұлттық көркем фильм Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Жаңа әлем продакшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп түсірілген.
Анаға апарар жол» кинокартинасы – қазіргі ұлттық кинематографиядағы ең айтулы қойылымның бірі. Сюжет желісіне фильм кейіпкерінің басына түскен сынақтардан өтуіне көмектесетін ана махаббатының күші туралы оқиға өзек болған. Басты кейіпкер Ілияс (Әділ Ахметов) пен анасының (Алтынай Нөгербек) арасындағы ұлы сезім олардың басына туған барлық қиын күндерді артқа тастап, қайта қауышуына себепші болады. Фильм 1930 жылдан бастап қазірге дейін аралықты қамтиды. Мұнда халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер (ұжымдастыру, жұт, соғыс жылдары) басты кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігі арқылы беріліп отырады. Фильм өмірлік құндылықтардың бағасын пайымдап, айналаға деген көзқарасты қайта зерделеуге жол ашады.
Тарихи драманың түсірілімі Қазақстан, Беларус, Әзірбайжан жерінде өтсе, Минскіде әскери кезеңнің эпизодтары түсірілді. «Днепрді алу» кезіндегі қанды қырғынға 500-ден астам адам, 300 әскери техника, сондай-ақ кәсіби каскадерлер мен пиротехникалық заттар қолданылды. Жалпы картинаның жұмысына бас-аяғы 2 мың адам қатысты.