$ 446.49  475.38  4.79

Үй мәселесі: СҚО-дағы қазақ театрының бір топ актері қызметінен кетпек

Театрда 30 актердің штаты бар, қазірдің өзінде 12-сі бос тұр.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының бір топ актері өз еркімен жұмысынан кетпек. Оған баспана мәселесінің шешілмеуі себеп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«МҰҢЫМДЫ ТЫҢДАР БИЛІК ЖОҚ...»

2010 жылы Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры 10 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Салтанатты жиында сол кездегі облыс әкімі Серік Біләлов шығармашылық ұжымның бір топ мүшесіне жаңа пәтер кілтін табыс еткен еді. Алты адам жылжымайтын мүлікті заң бойынша жекешелендіріп алған. Қалған төрт қызметкерге баспана «Дәрігерлер үйінен» берілген еді. Денсаулық сақтау басқармасы актерлерді ведомстволық нысаннан шығармақ болып, бірнеше мәрте сотқа арызданған. Бастапқыда жалдамалы-коммуналдық пәтер ретінде берілген жылжымайтын мүлікті жекешелендіуге рұқсат жоқ. Бұл жайында Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінде «Петропавлдағы театр актерлеріне әкім берген пәтерлер қайтарып алынбақ» атты мақала жарияланған болатын. Арада 6 айдан астам уақыт өтсе де, созбаққа салынған мәселе өз шешімін таппай келеді.

Жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, көпшіліктің сауалына жауап берген еді. Бұл жолы да театралдардың сауалы жауапсыз қалды. Пәтер мәселесінің шешілуінен үміт үзген актерлер өз еркімен жұмыстан шығу жөнінде арыз жазды.

Солардың бірі – Асылхан Рәзиев. Сахнагердің өнер ордасында жұмыс істеп келе жатқанына 13 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында 30-дан астам спектакльде ойнаған. Оның жартысына жуығы басты рөлдер. Өзін режиссерлік қырынан да көрсетіп, театр репертуарына балаларға арналған екі спектакль енгізген. Ол еңбегінің елеусіз қалып отырғанына налиды.

«Баспана мәселесін арқалап, талай жердің табалдырығын тоздырдық. Қайда барсақ та тығырыққа тірелеміз. Ешқандай әділдік жоқ. Біреулер мүлікті жекешелендіруге құқылы да, екіншілер тоқалдан туғанның күйін кешіп қалдық. Көтерілгеннің өзінде алатын жалақым 120-130 мың теңге. Талай банкке бардым. Ешқайсы өтінішімді қанағаттандырмады. Себебі табысты бөлген кезде, 5 адамнан артылмайды. Келіншегім бала күтімі бойынша жұмыс істемейді. 13 жыл қызмет етіп, құр алақан қалып отырмыз. Қалай болғанда да, түбінде басқа пәтер алуымыз керек. Бала-шаға бар дегендей. Қалай жалдап тұра береміз? Пәтер алу үшін біз басқа жұмысқа, басқа салаға баруымыз керек. Амалсыздан жұмыстан шығу туралы өтініш жаздық. Себебі, пәтер алатын басқа жол жоқ. Педагогикалық білімім бар. Мектеп-колледждерді жағалауға тура келеді. Егер мәселе шешілсе, өнер саласында қуана қалар едім», - дейді Асылхан Рәзиев. 

Жас, әрі талантты актерлер - Нұрбол мен Гүлдана Асқаровтар үш бала тәрбиелеп отыр. Екеуі де театр директорының атына қызметтен кету жөнінде өтініш жазды. Сахнагерлер жүрек қалауымен таңдаған мамандықтан бас тарту оңай болмаса да, ойлана келе осындай шешім қабылдауға мәжбүр болғандығын айтты.

«Осы театрда 10 жыл еңбек еттік. Отбасылы болып, бала сүйдім. Сондықтан да маған бұл жер өте ыстық. Жасым 30-ға келді. Үйден көп үміттендік. Бірақ жекешелендіруге рұқсат берілмеді. Мәселені өз бетіммен шешпек болып, Отбасы банкінен ипотека рәсімдеуге құжат жинадым. Өтініш мақұлданбады. Киелі сахнадан кету оңай емес, бірақ солай етуге мәжбүрміз. Балалардың болашаған ойлау керек. Басқа жұмыс іздеп жүрмін», - дейді актер Нұрбол Асқаров.

Республика бойынша ең төменгі жалақы көрсеткіші Солтүстік Қазақстан өңіріне тиесілі болғанына қарамастан, пәтерлердің шаршы метрі басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда қымбат.

ТЕАТР АКТЕРЛЕРІ ЖАППАЙ ЖҰМЫСТАН КЕТІП ЖАТЫР

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Петропавл қалалық әкімдігіне хат жолдаған. Алайда аталған ведомство басшылығы бір кездері сыйға берілген пәтерлерді актердердің жекешелендіруіне құлықсыз.

«Өнер саласында ұжым мүшелерінің ауысуы жиі болып тұрады. Бірі келіп, екіншісі кетеді. Бұл тұрақты құбылыс. Ал актерлердің пәтер мәселесіне келер болсақ, міндетті түрде шешілетін проблема. Тек қалай екенін айта алмаймын. Нақты тоқталар болсам, пәтер берілуге тиіс, бірақ оны актерлер жекешелендіре ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Басқарма ұстанымы –  маман қызмет еткен уақытта қызметтік пәтерде тұруы керек. Ол басыбайлы берілмейді. Себебі актерлер пәтерді жекешелендіргеннен кейін оны сатып, басқа жаққа кетіп қалуы мүмкін», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірейісов.

Соңғы жылдары Петропавлдағы қазақ театрының мамандары бірінен соң бірі жұмыстан кетіп жатыр. Облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше, штатта 30 актердің орны бар. Қазір 12-сі бос тұр. «Дәрігерлер үйінен» пәтерге уақытша ие болғандардың қатарында ерлі-зайыптылар бар. Осылайша ұжымдағы тағы 6 адам жұмыстан кетпек. 

«Жас Өркен» ауданында қазақ театрына арналған ғимараттың іргетасы қаланды. Алайда құрылыс әзірге тоқтап тұр. Актерлер жұмыстан осылай кете берсе, «сахнада кім жұмыс істейді?» деген заңды сұрақ туындайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары