«Тарас. Шөл даламен қоштасу» фильмінің бір бөлігі Маңғыстау облысмында түсірілгені белгілі. Картинаның түсірілімі аяқталған соң кинодағы қазақ қызы Қызтумастың (Катя) ролін сомдаған актриса Ақниет Орынтай осы жобадағы өзінің орны туралы айтып берді.
Ақниет Орынтай Жүргенов атындағы өнер академиясының 4-курс студенті. Ол театр өнері факультетінде оқып жүр. Өзінің алғашқы ролін ол режиссер Асқар Ұзабаевтың «АйТи-молодец» деп аталатын комедиялық сериалында ойнаған. Оқуымен қатар алматылық «Жас сахна» театрында жұмыс істейді.
- Мені бұл рольге бектікен кезде жергілікті халықтың тарихын, әсіресе адай руы туралы көп білуім керек болды. Менің жеңгемнің анасы осы адай руынан. Сол кісіден адайлар тарихын көптеп тыңдадым. Ал, түсірілім болатын жерге келгенде жазық даланың соншалықты сұлу болатынына көзім жетті. Өзім атқа кішкентайымнан отыратынмын, Алатауға атама барған кезде. Сол тәжірибем осы кинода үлкен көмегін тигізді. Атта отырып садақ атуды, қолыма қыран бүркітті қондыруды түсірілім алаңында үйрендім. Тарас Шевченко ролін сомдаған актер Борис Орловпен де тез тіл табыстық, ол өте қарапайым жан, өз ісінің нағыз шебері, тәжірибелі. Фильмде ол негізінен украин тілінде сөйледі, мен өз ана тілімде. Бірақ, бұл біздің түсінісуімізге кедергісін тигізген жоқ. Нұржан Ықтымбаев ағамызбен түсірілім жұмыстары үнемі қызық өтеді. Бұл жолы да солай болды, ол кісі өзіндік ерекшеліктері бар қызықты актер, - дейді Ақниет Орынтай.
Оның айтуынша, осындай кәсіби мамандармен бірге жұмыс істесу жас актриса үшін үлкен тәжірибе. Түсірілім жұмыстары басталмастан бұрын жоба авторлары Қызтумастың роліне маңғыстаулық актрисаларды алмақ болыпты. Алайда, рольге лайықты жан табылған жоқ дейді олар.