Мәдениет & Шоубиз 15.09.2021 сағат 12:00

«О дүниеде бәрі өзгеше»: МакSим коронавирустан комада жатқан сәті туралы айтып берді (ВИДЕО)

Өкпесі 95 пайызға зақымданған МакSимнің дертті жеңе алуын дәрігерлер сирек жағдай деп отыр.
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

МакSим лақап атымен танымал ресейлік әнші коронавирустан ұзақ уақыт комада жатып, тіпті жүрегі екі рет тоқтап қалған еді. Әнші өмір мен өлім арасында жатқанда не сезгенін және қазіргі жағдайы қандай екенін "Осторожно: Собчак" жобасына берген сұхбатында айтып берді деп жазады KAZNUR.KZ тілшісі.

"ЭКМО" аппаратында (экстракорпоральді мембранды оксигенация) бір айдан астам уақыт жатып, жүрегі екі рет тоқтаған әншінің аяқтан тұруы екіталай болатын. Өкпесі 95 пайызға зақымданған МакSимнің дертті жеңе алуын дәрігерлер сирек жағдай деп отыр.

Әншінің айтуынша, ол 40 градусқа дейін ыстығы көтеріле бергесін бірнеше рет коронавирусқа тексерілген. Алайда тест коронавирус жоқтығын көрсеткесін, өзіне жай суық тиген деген оймен концерттерін тоқтатпаған екен. Концерттен кейін жағдайы күрт нашарлаған әнші дереу жеке жедел жәрдем шақыртқан.

 "Өкпені жасанды желдету аппаратына қосатындарын ескертті. Дәрігерлер мені комаға жіберген соң ағзам оянғысы келмеген. Ақыры "ЭКМО" аппаратына қосу үшін өзге клиникаға жатқызуды ұйғарған. Шешімді анам қабылдаған. Оған оңай болмады. Дәрігерлер клиникаға жетпей өмірден өтіп кетуім мүмкін екенін айтқан. Бірақ мен шыдай алдым. Желдету аппаратының түтікшесі санымнан жүрекке қарай жалғанып, мойын тұсымнан шығып тұрған еді. Кейін "ЭКМО" түтікшесін өзге тұстан жалғады. Бүгінде емнен кейін барлығы тоғыз жерден тыртық қалған", - дейді ол.

Әрі күні өмір мен өлім арасындағы күреске айналған әнші комада жатқанда қандай түстер көргенін де баяндады.

"Комада жатқанымда өзге кеңістікке түскендей күйде болдым. О дүниедегі өмір біздің қазіргі өмірімізден әлдеқайда шынайы екенін түсіндім. Бұл түске ұқсайды дей алмаймын. Әркім өзіне тән нәрсе көреді. Ал мен өзімді қалықтап жүргендей сезіндім. Күн батып жатқандай болды әрі ерекше жылылықты сезіп, жақсы күйде болғаным соншалық, оянғым келмеді...

 Маған о дүниеге әлі есік жабық екенін айтқан дауысты естіп, белгісіз бір кабинамен төмен түсе бастадым. Қыс мезгілін көрдім. Әлдебіреу үстіме суық су құйып жатты. Біресе көтеріліп, біресе түсумен болдым. Ешбір түсіңіз дәл осылай есіңізде қала қоймайды", - дейді МакSим.

Әнші комадан алғаш шыққанда қимылдай алмай, ауырсынулардан қатты қиналғанын жасырмады. Дертті еңсерген МакSимнің салмағы бүгінде 43 келі ғана. Ол өмірі үшін барын салып күрескен дәрігерлерге шексіз алғысын айтуда. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар