Grammy сыйлығының иегері қазақстандық диджей Иманбек Ақсу қаласында оған ескерткіш орнату идеясына пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Музыкант ойын Instagram-да тікелей эфирде бөлісті.
"Көбі Ақсу қаласына Иманбекке мурал қойылмақ дегенді естіген шығар. Бұл жалған", - дейді ол.
Диджей бір ай бұрын оған жергілікті әкімдіктен қоңырау шалып, Ақсу қаласына оның беделді музыкалық байқаудағы жеңісіне орай граммофон мүсінін орнату туралы ойын сұраған.
"Мен қиын болмаса қойыңыздар, керемет, маған бәрібір дедім. Бірақ журналист сымақтар осыны басқаша жеткізіп, енді адамдар ол өзіне ескерткш орнатқысы келеді, өзіне көп алады деп ойлайды", - деді диджей.
Иманбек өзінің атына жаман сөздерді тоқтату үшін эфирге шыққанын атап өтті.
"Мені білетін адамдар ондай емесімді біледі. Ескерткіш жасауды сұрау - менмендіктің шыңы деп ойлаймын!", - деді Иманбек эфирде.
Еске салайық, креативті индустрия қызметкерлерінің кездесуінде Ақсу тұрғындары Павлодар облысының әкіміне Иманбек Зейкеновтың Grammy-дегі жеңісі құрметіне монумент орнатуды сұраған болатын.