$ 498.34  519.72  4.85

Ақтаулық оқушы криминалды драма жанрында фильм түсірмекші

Жуырда ғана ақтаулық бишілер туралы кино түсірген жергілікті оқушы кино саласына бет бұрғысы келетінін мәлімдеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-ші сыныбында оқитын Дамир Бешаков алға қойған мақсаты мен жоспарлары туралы айтып, тілшілерге сұхбат берген болатын.

Қысқа бейнероликтерді түсірумен Дамир биыл жаз айларынан бастап айналысқан. Кейін жас бишілермен Каспийдің жағасында кездейсоқ кездескен ол деректі фильм түсіруді жоспарлап, бұл жоспарын да жүзеге асырыпты.

«Мен теңіз жағасында билеп жатқан бір топ жастарды көрдім. Алғашында жай тамашалағым кеп, жандарына бардым. Кейін ерекше ықыласқа бөлендім бе, әлде биден шабыт алдым ба, осы бишілер туралы деректі фильм түсіргім келді. Достарыма дереу хабарласып, идеяммен бөлістім. Олар біраузыдан мақұлдады. Келесі күні біз жаңа туындыны түсіруге кірісіп кеттік. Бұл фильміміз сәтті шықты деп ойлаймын», - дейді Дамир Бешаков.

Фильм жарыққа шығып, ол туралы БАҚ өкілдері жарыса жазғаннан кейін әлеуметтік желілерде Дамирдың туындысын сынағандар да аз болған жоқ. Бірақ, сын адамды түзейтін жақсы құрал екенін жас оқушы жақсы біледі.

«Сын айтқандар соншалықты көп болған жоқ. Бірақ, орынсыз сынағандар да бар. Оларға мән бергенім жоқ. Арманыңа жетер жолдың оңай болмайтынын жақсы білемін. Бұл жолда маған кедергі келтіретін адамдардың әлі көптеп кездесетінін қазірден білемін. Бірақ, оларға қарауға менің шамам жоқ, жұмыс жетіп артылады. Бастысы, орынды сыннан сабақ алып, өз арманыма бәрібір жетемін», - дейді жас режиссер.

Биыл қыста Дамир толықметражды фильм түсіруді жоспарлап отыр. Оның жанры криминалды драма болмақ. Оны мұндай қадамға баруға шабыттандырған екі жан бар – видеографтар Медет Шаяхметов пен Қанат Бейсекеев.

«Келесі фильмім баршаға танымал болған «Рэкетир» фильмінің стиліне ұқсас болмақ. Білемін, драма жанрында көркем фильм түсіру өте ауыр жұмыс. Бірақ, неге екенін білмеймін, мені сол жұмысқа қарай белгісіз бір күш итермелеп тұр. Мен қиындықты жақсы көремін, оны жеңгім келеді. Қиындықтардан өту арқылы ғана біз өзімізді шыңдаймыз, солай емес пе?!», - деп сөзін түйді жас маман тілшілермен болған сұхбат барысында.

Айта кетейік, Дамир Бешаков түсірген деректі фильм One Dance (Бір би) деп аталады. 22 минуттық картинада ақтаулық жас бишілер өз өнерлерінің қыр-сырымен бөліседі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары