$ 444.22  476.38  4.82

ОҚО-да «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалі өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Ж.Түймебаевтың қатысуымен Шәмші Қалдаяқов атындағы «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік думанға қатысушыларды аймақ басшысы құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

«Ұлы өнердің ұлы құдіретіне айналған, ұлтымыздың біртуар перзенті Шәмші ағамыздың сарқылмас шалқар дүниесі тағы да бізді бүгін өз құшағына алды. Туған елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жалпы халыққа деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты арқауы болды. Әсіресе, өздеріңіз секілді Шәмшінің ізбасарлары күн өткен сайын шоғырлана, шоқтана түсіп, қатары қалындап келеді. Сіздер барда, өнерді сүйетін халық барда Шәмші әндері мен басқа да композиторларымыздың туындылары көк жұлдыздай жарқырай түспек», - деді аймақ басшысы.

Ретро-фестивальде Ш.Қалдаяқовтың әндерімен қатар, облыстан шыққан композиторлардың шығармалары, патриоттық туындылар және Астана туралы әндер орындалды. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдері Шәмші әндерін өз тілдерінде шырқады.

Еске салайық, «Арыс жағасында» ретро-фестивалі алғаш рет 2010 жылы Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына арналып өткізілген-ді. Сол уақыттан бері 7 жылда дәстүрге айналған ретро-фестиваль жыл сайын еліміздегі талантты композиторлардың шығармашылығына арналып өткізіліп келеді.

Айта кетейік, ретро кеш барысында VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары