27.11.2021, 15:05

«Голос» жобасының жекпе-жек кезеңінде Әлішер Кәрімов пен Ернар Садырбаев келесі кезеңге өтті

Елімізден бұл музыкалық байқауға үш әнші барған. Бұған дейін "Новая волна" байқауының жеңімпазы Әділхан Макин шығып қалған болатын.

Ресейде өтіп жатқан телевизиялық “Голос” жобасының жекпе-жек кезеңінде екі қазақстандық әнші қарсыластарынан басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Елімізден бұл музыкалық байқауға үш әнші барған. Бұған дейін "Новая волна" байқауының жеңімпазы Әділхан Макин шығып қалған болатын. Ол Мирослава Кочева және Марина Моисеевамен бірге "Ты на свете есть" әнін орындады. Тәлімгер Александр Градский келесі кезеңге Мирославаны таңдады. Әділхан мен Марина үйлеріне қайтты.

Ал осы аптада Әлішер Кәрімов пен Ернар Садырбаев жекпе-жек кезеңінде қарсыластарынан басым түсті.

Amre деген лақап атпен танымал Ернар Садырбаев Дима Биланның тобына түскен. Ол сахнаға Рустим Бахтияровпен шықты. Екеуіне 1981 жылы Мәскеу Олимпиадасына арналған "О спорт, ты — мир" фильміндегі "Мне детства снилась высота" әні берілді. Мұны ең алғаш "Голос" жобасының тәлімгерлерінің Александр Градский орындаған.

Бұл жекпе-жекте Дима Билан қазақстандық әнші таңдады. Ол Ернарға алдағы уақытта бірнеше қызықты әндерді орындатып көруге болатынын айтты.

Әлішер Кәрімов Полина Клинниковамен сынға түсті. Олар Селин Дион мен Андреа Бочеллидің "The Prayer " әнін орындады. Дима Билан Әлішердің дауысы әлемдік деңгейдегі әншілермен бір қатарда екенін айтты. Бұл жұптың тәлімгері Александр Градский келесі кезеңде қазақстандық әншіні көргісі келетінін айтты.