$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақстан дауысы» әділ өтті ме?

Меніңше сәл де болса әділдік жетпеді. Қазақ әні мен қазақ өнері үшін ең болмағанда екінші орын алу керек еді.

Халық қолдауымен Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы атанды. Байқаудың ақтық сынында жобада үздік өнер көрсетіп келген төрт қатысушы тартысқа түсті. Ереже бойынша қатысушылар жеке және өз тәлімгерімен өнерін ортаға салып, жеңімпаз көрерменнің дауыс беруі арқылы шешілді.

Нәтижесінде төртінші орын Аружан Айдарбекке бұйырып, үшінші орынды Ернар Амандық, екінші орынды Ерік Төленов иеленсе, бас жүлдені Сыр елінен келген 18 жастағы Құралай Мейрамбек қанжығасына байлады. 

Дегенмен, жобаның әділ болмағанын айтып, наразылығын білдіргендер де табылды. Үшінші орынға ие болған Ернар Амандықтың тәлімгері Майра Мұхамедқызы финалда қазақ әнін шәкіртінен басқа ешкімнің артық орындай алмағанын айтты.

"Жеңіске менің балам бір қадам жетпей қалды. Көбі «Берілген дауысымыз қабылданбады» деп шағым айтып жатыр. Бұл жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін айта алмаймын. Бірақ, менің шәкіртім жан-жақты өнер көрсетті. Меніңше сәл де болса әділдік жетпеді. Қазақ әні мен қазақ өнері үшін ең болмағанда екінші орын алу керек еді", - дейді Майра Мұхамедқызы.

Алайда, Құралайдың тәлімгері Сәкен Майғазиев шәкіртінің өзгеге ұқсамайтын дауысы мен ән айту техникасын кәсіби әншілердің өзі қайталай алмайтынын тілге тиек етіп, жеңіс сыйлаған көрерменге алғысын білдірді.

"Көзі қарақты көрерменге алғысымды айтқым келеді. Құралай жеңіске әбден лайық. Гүлнұр Оразымбетованың Құралайға ырымдап берген бой тұмарын жақсылыққа баладым. Гүлнұрдың репертуарындағы әнімен бастап, толғауымен аяқтағанымыз да бекер болмады. Бұл әндер жеңіске жетеледі. Халыққа ризашылығымды білдіремін", - дейді ол.

Аталмыш музыкалық жобаға қатысушылар еліміздің барлық өңірінен және шет мемлекеттерден қатысып, талантымен танылды. 6 мыңға жуық әншінің арасынан сурылып шыққан Құралайдың өнері, расында, халықты тәнті етті. Құралай Мейрамбек барлық кезеңде ең мықты деген әндерді орындап, ерекше иірімдерді қосып, халықтың жүрегіне жеткізуге тырысқанын айтты.

"Бұл жоба маған сенімділік берді. Әр кез көрерменнен шабыт алып отырдым. Осы жолы бірлесіп таңдаған ән халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Сол себепті бұл жеңіске халықтың арқасында жеттім. Барлық қолдаған жандарға, қазақ еліне, жерлестеріме рахмет. Ерекше алғысымды тәлімгерім Сәкен ағаға білдіргім келеді. Осы кісінің арқасында осындай дәрежеге жеттім, - деп жоба жеңімпазы өз тәлімгеріне ризашылығын жеткізді.

Өнерлі отбасында дүниеге келген әншінің ата-анасы музыка маманы. Үлкен әпкесі Гүлзәт Әдбікәрімова белгілі «Қоңыр» тобының әншісі. Екінші әпкесі Ұлпан Әбдікәрімова опера саласында қызмет істесе, ағасы Бақдаулет медицина саласының қызметкері болса да әнді нақышына келтіріп орындайды. Үйдің кенжесі, 9-сынып оқитын Дулат Әбдікәрім де бірнеше байқаулардың жүлдегері атанып жүр. Жобаға қатысуын асыға күткен Құралай іріктеу кезеңі басталғанда өзінің арманын ата-анасына айтып, отбасының қолдауымен іріктеу кезеңнен сәтті өткен. Осылайша жас әнші жұлдызды өміріне қадам басады.

"Алғашқы тәжірибем отбасымнан бастау алады. Отбасым өнер адамдары болғандықтан, үйде менің жасым жобаға лайық келіп тұрғандықтан ата-анам рұқсатын берді", - дейді жеңімпаз.

Сонымен қатар, Құралай Мейрамбек жобадан ұтқан 5 миллион теңгені армандарына жұмсайтынын айтып, жоспарымен де бөлісті.

"Мен бұл қаражатты өнеріме жұмсаймын және ата-анама көмек ретінде беремін. Опера болсын, дәстүрлі ән болсын барлық жанрда еркін шырқай алатын әнші болғым келеді. Осы арманымды қолға алып, әлемдік аренаға шығып, елімнің көк туын желбіреткім келеді".- дейді әнші.

Айым Әбдрашит 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары