$ 498.51  522.84  4.81

Ақтаулық бишілер тобы халықаралық байқаудан жүлдемен оралды

«А.Р.Т.» және «Экзотика» деп аталатын ақтаулық бишілер тобы Астанада өткен «Қазақстан раушандары» деп аталатын халықаралық байқаудан жүлдемен оралды. Қос ұжым да «Заманауи хореография», «Ұлттық стилизация» және «Эстрадалық би» номинациялары бойынша үздіктер қатарынан табылған.

Мәселен, «Экзотика» би тобы «Эстрадалық би» номинациясында екінші орын алды. Бұл номинация 25-30 жас аралығындағы бишілерге арналғанына қарамастан, «Экзотиканың» 13-16 жастағы бишілері кәсіби бишілермен тең дәрежеде өнер көрсетті. Бишілер тобының жетекшілеріне қыздарды шебер дайындағаны үшін марапат табысталды. Ал, осы номинацияның үшінші орны «А.Р.Т» тобының кішкентай бишілеріне бұйырып отыр.

- Астана бізді өте жылы қарсы алды. Ауа райы керемет болатын, ал қар болса біздің балалар үшін сиқырға тең еді. Біз жарыстан бөлек уақытта «Хан шатырға», музейлерге барып, уақытты өте жақсы өткіздік, - дейді «Экзотика» ансамблінің жетекшісі Мария Гусейнова.

Шығармашылық ұжым үшін бұл алғашқы сайыс емес. Бұған дейін де бишілер тобы талай халықаралық сайыстарды бағындырған.

- Ең бастысы біздің жүлделі орын алып, қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленуіміз де емес шығар, бірақ бұл да маңызды. Дегенмен, біз үшін ең маңыздысы біз Астанаға келгенде көрерменіміз жоқ тұғын. Ал, қыздардың өнерінен кейін залға жиналғандар орындарынан тұрып қол шапалақтады. Міне, ең бір көңілге жаққаны осы сәт, - дейді М.Гусейнова.

Жеңістің оңай жолмен келмейтіні белгілі, қашанда әр жетістіктің алдында көп тер төгу керек. Ақтаулық биші қыздарға да оңай соққан жоқ. Олар резіңкеден жасалған еденде алғаш рет билегендерін айтады.

- Біздің билердің көбінде сырғанау керек. Ал, жалаңаяқ резіңке полда сырғанау мүмкін емес. Қыздардың табандары күлдіреп қалды. Бірақ, жеңіс осындай ауыр жолмен келеді. Сахна бізге бәрібір ұнады. Бұрын мұндай үлкен сахнағы шығып көрмегенбіз, - денп ағынан жарылды бишілер тобының жетекшісі.

Бишілер Астанаға бару жолақысын өз қалталарынан төлепті. Елордада олар бір аптадай уақыт болған.

- Ата-аналардың қаржымен көмектескеніне ерекше алғысымды айтқым келеді. Қыздар үшін бұл жарысқа қатысып қана қоймай, өзге қалаларды көріп, саяхаттау мүмкіндігі. Жаңа адамдармен танысып жатыр. Өзге қалаларға немесе елдерге барғанда біз жаттығу жасамауға тырысамыз. Өйткені, жаттығудың бәрін осында – студияда жасаймыз. Ал, барған қаламызда біз барынша демалып, жер аралауға тырысамыз, - дейді Мария Гусейнова.

Енді «Экзотика» бишілер ансамблі Болгарияда өтетін тағы бір халықаралық жарысқа дайындалып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары