Алматыда аяқталған «Бала дауысы» балалар ән байқауының нәтижелері белгілі. Ақтық сынға шыққан дарынды жастардың ең үздігіктері SMSдауыс беру арқылы анықталған болатын. Республикалық жарыста Маңғыстау облысының намысын қорғаған «Каспий толқыны» триосы айтулы сайыста екінші орын иеленді. Нұрай Айварқызы, Карина Шайғұзова және Луиза Нұрқуатова есімді жеткіншек қыздардан құралған топ көпшіліктің ықыласына бөленіп отыр.
7 мен 13 жас аралығындағы балалар ғана қатысатын ән байқауы 13 қарашада өз мәресіне жетті. Алғашқы кезеңдердің бәрінде қатысушыларды әділ қазылардың өздері іріктесе, финалдық кезеңде жеңімпаздарды көрермендер анықтады.
Ақтық кезеңде маңғыстаулық трио «Кешью» тобының әншісі Балжан Бидашпен бірігіп ән салды.
Дауыс беру нәтижесінде белгілі болғандай, маңғыстаулық «Каспий толқыны» триосы 2838 ұпай жинап, шымкенттік әншілер тобына жол беріп қойды. Бірінші орынды иеленген ОҚО-ның өнер ұжымында 3726 ұпай бар. Ал, бас жүлдені жеңіп алған павлодарлық дуэт «Мария мен Мерхат» көрермендердің 3948 дауысын жинап, алдына жан салған жоқ.
Жеңімпаздарға берілген басты сыйлық – Париждегі «Диснейлэнд» аттракциондар паркіне берілген жолдама. Ұйымдастырушылар дарынды балаларға осындай тосынсый жасап отыр. Ал, жүлдегерлерге байқау мүсіндері мен бағалы сыйлықтар берілді.
- Біздің қатысушыларға дауыс беріп, қыздарымыз үшін жанкүйер болған барлық көрермендерге алғысымыз шексіз. Біз барлық маңғыстаулықтардың қолдауын сезіндік, - дейді Каринаның анасы Румия Шайғұзова.
Естеріңізге салайық, республикалық байқауды ұйымдастырушылар биыл мамыр айынан қыркүйек айына дейін еліміздің барлық облысында болып, жас дарындар арасында кастинг жүргізді. Шығармашылық команданың шешімімен байқаудың финалына 23 қатысушы іріктеліп алынды. Олардың үшеуі – трио, бірі – дуэт және 12-сі жеке ән орындаушылар.