Qanay лақапатымен танымал әнші Нұрболат Қанай әскерге кетіп оралмаған сарбаздарға ән арнады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ол қазақстандық әнші-композитор Ескендір Хaсaнғaлиевтің "Бозторғайым" әнін қайта жаңғыртып, видео түсірді. Ән фонында әскерге кетіп, бірнеше күннен соң қайтыс болған маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай туралы жаңалықтар көрсетіледі.
Qanay-дың орындауындағы "Бозторғайым" жұрттың жүрегін елжіретті.
"Жаным-ау жаным нағашы апаларының аппақ жиені. Бақұл бол!", "Көзден жас тамды", "Әттеген-ай, өкінішті өте", "Айналайын інім, бауырым, сонша жылаттың ғой мына әніңмен. Ғұмырың ұзақ болсын", "Тек биіктерден көріне бер. Айтарға сөз жоқ", "Қандай керемет! Жүрегің елжіреп кетеді", - дейді қазақстандықтар.
"Бозторғайым" әні жетпісінші жылдары жазылған. Ескендір Хасанғалиев естеліктерінде, бозторғай - жыл құсы емес, ол қанша қиын болса да, туған жерінде қыстайтын сирек құстардың бірі деген екен.
"Бұл - өз жерінде өзінің ана тілінде сөйлей алмайтын халқым үшін жанымның назын сипаттайтын ән", - деп келтерді композитордың сөзін "Белгісіз Қазақстан" блогының авторы Диас Камериданов.