Саят Медеуов әнге балағат сөздерін қосып айтатын әртістерді заңмен жазалауды талап еткен еді. Ақбота Керімбекова әріптесінің бастамасын қолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қадірлі Ұлт жанашырлары! Белгілі өнер иесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов өте орынды мәселе көтеріп отыр! Біздер, өнерін ластап көрмеген біздің талантты аға-апаларымыз оны толық қолдап отырмыз!
Расында, есер сөз, ессіз әзіл, есепсіз жындылық құндылықтарымызды күйретіп жатыр. Сөз жүйесіз, өнер иесіз кетті. Өскелең ұрпақ бұттан төмен әңгімелерді ән қылып айтып жүр. Әншейінде, Қазақы әннің қалпын бұзбай келе жатқан әншілерді кекеткіш, мұқатқыш, сынағыш қоғам бұл кеселге бас ауыртар емес! Мұның бәріне тоқтам болатын тек Заң!
Алдағы референдум Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда үлкен маңызға ие болып отыр. Сол науқан былапыт сөздерді өнерге, ғажайып Қазақ әніне аралыстырудан жасқанбайтын, ұялмайтын топтарға тиым болатын заңды қабылдатып берсе, өнер адамдарының көкейін көптен күйретіп жүрген іс шешімін табатын еді!
Саналы көрермен, сарабдал тыңдарман бізге қосылады деп ойлаймын!", - деп жазба қалдырды әнші Instagram парақшасында.