Әнші Нұрболат Абдуллиннің концерті кезінде қызық жағдай орын алды. Өнер иесі сахнада ән салып тұрғанда көпшіліктің арасынан бір ару одан жүзігін сұрап, қолқа салған. Әнші ойланбастан қолындағы бұйымын тыңдарманына тарту етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нұрболат Абдуллин Аягөз қаласында өткен концертінен үзіндіні Instagram парақшасында жариялады. Онда әртістің бұл жайтқа алдымен таңғалып, артынан бойжеткенге сақинасын шешіп бергенін көруге болады. Ол батылдық танытып, өзінен сақинасын тарту етуді сұраған арудың қалауын орындайды. Сүйікті әншісінің жүзігін алған қыз өз қуанышын жасыра алмай айқайлап жібереді. "Сақина табылар, көрермен көңілі қымбат", – деп жазып қойды видео астына әнші.
Желі қолданушылары концерт кезінде орын алған жағдайды бірден қызу талқылай бастады. Бірі өнер иесінің жомарттығына риза болса, енді бірі қыздың пысықтығын сөз етті. "Сұрауға қалай батылы жетті екен, қолын ұстауға ұялатын едім", "Қыз бала ер азаматтың жүзігін алғаны ұят", "Неке жүзігін алып алмағанына шүкір", "Дым көрмегендей сақинаға жармасқаны несі, әрине, ұялғанынан бере салды", – деп жазды оқырмандар.