Атышулы блогер әрі әнші Мұрат Әбділдә темір тордағы өмірі туралы айтып берді. Жазасын өтеуші өнердегі достарына ренжулі, деп хабарлайды Экспресс К.
Ұлттық, рулық алауыздықты қоздырды деген айыппен 4,5 жылға сотталған Мұрат Әбділдә Шымкенттегі ИЧ 167/3 түзеу мекемесінде жазасы өтеп жүр. Абақтыда отырып сұхбат берген блогер түрмеде дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүргенін айтты. Ал бос уақытында Мұқағали Мақатаевтың кітаптарын оқиды екен.
Атышулы блогер не үшін сотты болғанын алғаш рет тарқатып айтып берді және барша көрермендерінен кешірім сұрады.
"Әлеуметтік желіде тікелей эфирде отырғанмын. WhatsApp арқылы бейтаныс 15 шақты нөмерден қоңырау келіп түсіп, ар-намысына тиетіндер сөздер айтылды. Тек менің емес, бүкіл шымкенттіктерді балағаттай бастады. Қатты ашуланып кетіп, оларға жауап ретінде тікелей эфир кезінде боқтап жібердім. "Мынау былай деді, сосын мен солай дедім" деп отырмаймын. Менің ол әрекетім дұрыс болмады. Себебі бүкіл халық эфир арқылы көріп отырды. Осы үшін барша көрерменнен кешірім сұраймын. Мен өз кінәмді мойындаймын, қателескенімді түсіндім. Ешкімді кінәлағым келмейді. Алла қаласа, бұл күндер де өтеді", — деді ол.
Мұрат Әбділдә түзеу мекемесіндегілер өзін танып жатқанын алға тартты. Түрме қызметкерлері де, ондағы жазасын өтеушілер де жылы қабақ танытып келеді екен.
"Ешқандай қысым көріп жатқам жоқ" деген ол жазасын өтеп шыққан соң сахнаға қайта оралғысы келеді. Алайда өнерде бірге жүрген достарына деген ренішін жасырып қалмады.
"Алла қаласа, жазамды өтеп болған соң мүлдем жаңа адам болып шығатыныма сенімдімін. Сахнаға қайта оралғым келеді. Бәлкім, "түрмеде отырып шыққан" деп нұқып көрсететіндер де табылатын шығар. Көрермендерім мен тыңдармандарым менімен бірге болады деп ойлаймын... Өмірде маған жақын жалғыз адамым — анам. Ол кісіні қатты сағынып жүрмін. Темір торда отырып түсінгенім, мен анама ғана керек екенмін. Өнерде сыйлап жүрген бауырларым ренжімесін, бірақ біреуі іздеп келген жоқ. Әрине, мен ешкімді жамандамаймын", — деді блогер.
Сұхбат соңында Мұрат Әбділдә басына қиыншылық туғанда өзіне қолдау көрсеткен тыңдармандары мен көрермендеріне темір тордың ар жағынан сәлем жолдады.
"Мен шығармашылықтың адамымын. Өнерді ұмытпаймын. Мен өлген жоқпын, тірімін! Алла қаласа, араларыңызға қайта оралатын боламын. Мені, менің болашақ әндерім мен бейнеклиптерімді міндетті түрде күтіңіздер. Аялуы оқырмандарым, тыңдармандарым, көрермендерім! Барлықтарыңызға жақсы күндерді тілеймін. Бәрі жақсы болады", — деп сөзін түйді ол.