Роза Рымбаева әкімдік концертке деп қарастырған миллиондаған қаржыға қатысты түсініктеме берді. Халық әртісі мемлекет қаржысынан бір тиынды да қалтаға баспайтынын мәлімдеді. Айтуынша, бөлінетін ақшаның өз есебі бар. Ол бұл туралы Hit-TV арнасының «Менің өмірім» бағдарламасында айтты деп жазады Skifnews.kz.
«Мен әкімшілікке қарайтын әншімін, ресми жұмысым сол. Сондықтан біздің концерттік бағдарламаның бірінші қолдаушысы – әкімдік. Әлі де жыл аяғына дейін уақыт бар. Болса болады, болмаса ол көрерменге керек. Мен өз орнымды баяғыда тапқан әншімін», – деген Рымбаева мәселенің әлі нақты шешілмегенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: «Дыбыс пен жарыққа 46, жарнамаға 17 млн»: Алматы әкімдігі Рымбаеваның концертіне 111 млн теңге бөлмек
Десе де, ол миллиондаған қаржының қайда кететінін түсіндірді.
«Бір залдың жалға алу құны, декорация, жарық, контент, дирижердің жұмысы, оркестрдің дайындығы, орындалатын шығармалардың авторлары, балет, оның дайындығы, костюмі, режиссерлердің жұмысы бар. Әр әнге контент қоясың. Соның бәрін есептеген кезде бөлінетін соманың жартысы кетіп қалады. Ал қалған ақша режиссер, баллет, партитура және т.б. қызметтердің ақысына төленеді.
Одан Рымбаева тіпті бір көйлекке ақша тапса, бұйырмасын. Керісінше, үстінен 20-30 мың доллар өз қалтамнан қосамын. Тұңғыш концерт болғандықтан, Әлидің концертіне де өз қалтамнан ақша қостым. Сол ақшаның бәрі менің қалтама кетіп жатқандай ел шулайды», – дейді Роза Қуанышқызы.
Тағы оқыңыз: Шенеуніктер Рымбаеваның концертіне 111 млн теңге бөліну себебін түсіндірді
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігінің танымал өнерпаздардың концерттерін ұйымдастыру үшін 111 миллион теңге жұмсамақ болғанын жазған едік.