$ 446.49  475.38  4.79

ОҚО-да республикалық ақындар айтысы басталды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бірлігіміз жарасқан-Мәңгілік ел» атты республикалық  айтыс басталды. Ақындардың басын қосқан дүбірлі додаға еліміздің айтулы 16 ақыны мен Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан елдерінің сөз дүлдүлдері де  арнайы шақыртылды.

Атап айтар болсақ, бүгінгі жүйріктердің сөз сайысына Оңтүстік Қазақстан облысы атынан Ж.Наушабеков, К.Оралова, А.Жаппарқұлова, Н.Мейірманов, Қ.Абзалов, Б.Байтуов, Н.Әнапия, Д.Полатбаев, Т.Түлеулиев, А.Ниязбектер қатысса, еліміздің бас қаласы Астанадан А.Тұрсынбаева, Ж.Бұлғақов, ал, Қызылордадан М.Айтбай, Қостанайдан С.Әуезхан, Жамбыл облысынан Қ.Мырзахан, Қарағандыдан А.Жұмағұлов сынды біртуар ақындарымыз келіп бақ сынауда.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне  орай, ұйымдастырылған аламан айтысқа облыс әкімдігінің екі жеңіл авто көлігі мен қаржылай жүлде қоры тағайындалып отыр.

Ақындар айтысын облысымыздың тумасы, «Парасат» орденінің иегері, «АРА.kz» журналының бас редакторы, белгілі сатирик Көпен Әмірбек жүргізуде.

Кіл мықтылардың айтыс аламанында қазылар алқасының төрайымы-  Қазақстанның Халық ақыны, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова болса, қоғам қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері Оразкүл Асанғазы, Қазақстанның Халық ақыны, айтыскер ақын Әсия Беркенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт пен айтыскер ақын, сазгер Әбдіхалық Әбдірайымұлы сынды азаматтар қазылық етуде.

Екі күнге жалғасатын суырып салма аламан айтысының мақсаты - Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын өлең сөзбен халыққа жеткізу болып табылады.

Ертең 3 желтоқсан күні сағат 11.00-де «Түркістан» сарайында «Бірлігіміз жарасқан-Мәңгілік ел» атты республикалық  ақындар айтысының жабылу салтанатына  өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
25 кітап оқиық!