$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда Димаштың алғашқы шоу-концерті қалай өтті?

Сахна төріне көтерілген Димашты қалың көрермен ерекше қошеметпен қарсы алды.
фото: Qazaqstan
фото: Qazaqstan

Димаш Құдайберген көптен күткен жеке концертін Алматы шаһарында өткізді. Бұл шоу әлем таныған қазақ баласының Алатау баурайындағы алғашқы ән кеші, деп хабарлайды Экспресс К.

Әлемдік деңгейдегі құрылғылармен әзірленген сахна, мықты музыканттар және ауқымды аудитория. Бұл — Димаштың "Stranger" атты шоу-концертінен көрініс. Ән кешін тамашалауға келген тыңдарман Алматыдағы 21 мың адам сыятын Орталық стадионына лық толды. Бұл жобаны ұйымдастыру барысында 200 кәсіби маман арнайы шақырылса, 400 ерікті жұмылдырылған.

Сахна төріне көтерілген Димашты қалың көрермен ерекше қошеметпен қарсы алды.

"Армысыздар, қадірменді ағайын, қадірменді қазақтың бір баласы үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрермендер. Ұлты, дүниетанымы бөлек болса да руханияты бір менің алыстан келген көрермендерім, Қазақстанға қош келдіңіздер! Бүгін үлкендеріміздің батасын, барлық тыңдармандарым мен замандастарымның ризашылығын алу үшін барымызды салатын боламыз. Кеш көңілдеріңізден шығады деген ойдамын", — деді Димаш Құдайберген.

Соңғы бес жылда ерекше вокалдық қабілетімен жаһан жұртшылығын тәнті еткен Димаш Алматыдағы концерттік бағдарламасына 31 музыкалық шығарманы таңдап алған. Сондай-ақ, жанды дауыстағы ән кешін кәсіби музыканттардан жасақталған live-band сүйемелдеді және заманауи бағыттағы хореграфтар әр әнге ерекше биі қойылымдарын дайындаған.

Димаштың әлемдік деңдейдегі шоуы бірнеше бөлімнен тұрады. Бұл кеште қазақтың музыкасы мен ұлттық аспаптары да жаһан жұртшылығының назарына ұсынылды. Әйгілі әнші халық әндерін "Құрманғазы" атындағы мемлекеттік оркестрдің сүйемелдеумін шырқаса, сахнада "Салтанат" би-ансамблі де дәстүрлі өнерді дәріптеді.

Дүйім жұрттың алдында ән салған дүлдүл әншінің шоуына әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдарманның санында шек жоқ. Айта кетейік, Димаш 2017 жылы Қытайда өткен халықаралық "I am A Singer" байқауынан кейін оның дүниежүзінде "Dears" атты жанкүйерлер армиясы қалыптасты. Қазақ баласының Алматыдағы кешіне әлемнің 70-ке жуық елінен фанаттары арнайы келген. Олар сүйікті кумирін қолдау мақсатында стадионда 10 мыңға жуық түрлі-түсті шамдар жағып, кеш иесі мен концертке келген көпшілікке ерекше атмосфера сыйлады.

"Мен ақтөбелікпін. Біздің Димаш әлемді біріктіріп тұр деп айтуға болады. Бүгін әлемнің қаншама елінен келген көрермендер соның дәлелі. Бағана өзге елдерден келген жанкүйерлермен сөйлесіп отырып, олардың Дмашты бар ықыластарымен, шынайы жақсы көретінін байқадым. Димашта әлемге деген махббатт бар. Ол әлемді сүйеді. Сондықтан да әлем Димашты жақсы көреді, құрметтейді", — деді Димаштың жанкүйері Гүлжанат Қорғанқызы.

Бірнеше бөлімнен тұратын шоу тосын-сыйларға толы. Мәселен, Димаш бұл кеште өзінің туған інісі — Әбілмансұр Құдайбергеннің заманауи стилде жазылған авторлық туындысын тұңғыш рет тыңдарманның алдында тұсауын кессе, жас музыкант Әбілмансұр да композитор Ренат Гайсиннің туындысын музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен үлкен сахнада орындап берді.

"Димаш ең бірінші үлкен музыкант. Жалпы әншілік бөлек те, музыкант болу бір бөлек. Және ол өте талантты адам. Оның әрбір әнінен, музыкасынан, бейнебаяндарынан әлемге деген көзқарасы байқалып тұрады. Ал Димаштың бүгінгі шоу-концерті биылғы жылдың ең үлкен шарасы болды деп ойлаймын", — деді белгілі музыкант Ренат Гайсин.

"Қазақта "Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу" деген аталы сөз бар. Біздің үйдің кішкентайы, Әбілмансұр да ән жазуға бейімделіп жүр екен. Ендеше жас музыканттың ең алғашқы туындысын тыңдап, бағасын беріңіздер", — деп інісіне сәттілік тілеген Димаш Әбілмансұрды ортаға шақырып, көпшілікке таныстырды.

Дүниежүзіне танылған Димаш бұл концертінде тың туындылардың да тұсауын кесті. Солардың бірі — "История одного неба" атты өзінің авторлық әні.

Шоу-концерт соңында Димаш өзін құрметтеп келген барша көрермендеріне алғысын білдірді.

"Қазір аласапыран заман болып тұр. Бірақ біз өз ақылымызбен, парасатымызбен бәрінен биік екенімізді көрсетуіміз керек. Қашанда осындай кештерде, қуаныштарда кездесейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", — деді Димаш.

Айта кетейік, "Stranger" атты шоу-концерттің бағасы 8000 — 40 000 теңгеден болды. Сондай-ақ, 24 қыркүйек күні Алматыда Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерімен жүздесуі, яғни фан-митинг өтеді. Аталған шараға әлемнің бірнеше мемлекетінен келген тыңдармандар бас қосады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары