"Томирис" тарихи фильмінде басты рөлді сомдаған қазақ актрисасы Альмира Тұрсын "Mrs. Globe Kazakhstan-2022" байқауында жеңіске жетті. Енді ол келесі жылы "Mrs. Globe" байқауында еліміздің атынан бақ сынайтын болады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айта кетейік, байқау 1996 жылдан бері өткізіліп келеді және басқа сұлулық байқауларымен салыстырғанда тек сыртқы келбеті ғана емес, сонымен қатар байқауға қатысушылардың қызметі де бағаланады. Жарысқа бизнес, білім беру, спорт, саясат, мәдениет және қоғамдық өмір салаларында жетістікке жеткен нәзік жандылар қатысады.
Альмира Тұрсын 1990 жылы 21 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Шығармашылық қызметімен қатар ол коуч-профориентатор болып жұмыс істейді, яғни адамдарға болашақта монетизациялау үшін өздерінің таланттары мен қабілеттерін анықтауға көмектеседі.
"Осындай байқауды ұйымдастырған мамандарға алғыс білдіремін. Келесі жылы халықаралық байқауда ел намысын қорғайтын боламын. Ол үшін қазірден бастап сіздердің қолдауларыңыз қажет", -деді актриса Альмира Тұрсын.