Сары жапырақ – дiр етер қыз мұң,
Мен-дағы сондай суретi ем күздiң.
Алай да дүлей шыр айналдырған,
Тағдырымыз да бiр екен бiздiң.
Бұл – қаламынан мұң мен сыр аралас жыр төгiлген Дәурен Айманбетовтiң өлеңiнен үзiндi. Оқырмандарының ыстық ықыласына бөленiп жүрген бұл ақын өңiрiмiзге ғана емес, республикамызға танылып үлгердi. Жуырда Шымкенттегi А.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кiтапханасында Дәурен ақынның «Сары жапырақ – сарғайған жүрек» атты оқырманмен сырласу кешi өттi.
Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналған жүздесуде жазушы Мархабат Байғұт жас қаламгердiң шығармашылығын жоғары бағалады.
– Ақсақал ретiнде соңымыздан ерген жастардың қадамын бақылап жүремiн. Солардың арасында Дәуреннiң шығармашылығымен жақсы таныспын. Өлеңдерi «Қазығұрт» журналында екi рет жарық көрдi. Әсiресе, күздi жақсы көредi екен. Сезiмтал ақын. Дәурендi өлең өнерiнiң өз өренi деп айта аламын, – дедi М.Байғұт.
Сырласу кешiнде ақын Шалқар Әбiш, «Оңтүстiк-Цирк» мекемесiнiң директоры Арман Әлиев, ОҚО жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқарманың басшысы Болат Жанәбiл және өңiрiмiздiң белгiлi қаламгерлерi кеш иесi туралы жылы пiкiрлерiн айтты. Ақынның анасы Қалдыгүл Ибрагимова да ұлы туралы жүрекжарды ойларымен бөлiстi.
Осы күнi Дәурен Айманбетовтiң «Кiтапхана және қаламгер» бағдарламасы аясында жарық көрген «Сары жапырақ – сарғайған жүрек» атты жыр жинағының тұсауы кесiлдi. Оны кiтапхана директорының орынбасары Ақмарал Омарова жиналған көпшiлiкке таныстырып, оқырманға тарту еттi.
Мерейi тасыған сыршыл ақын осы кештi ұйымдастырғаны үшiн Шәрбану Дiнәсiлова басқаратын кiтапхана ұжымына алғысын айтып, өз өлеңдерiнен шашу шашты.