Оңтүстік Қазақстан облысында ел тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орайластырылған iс-шаралар легi басталып та кеттi. Мерекелiк көңiл-күй барлық ұжымдардан байқалады.
Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кiтапханасында «Ұлы Дала елi – Тәуелсiздiктiң 25 негiзi» «Жұлдызды 25 күн» акциясы аясында «Елi сүйген Елбасы» атты Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi Н.Ә.Назарбаев залы салтанатты түрде ашылды.
Тарих үшiн қас-қағым ғана уақыт саналатын 25 жыл iшiнде елiн әлемге танытқан Елбасыға арналған бұл залдың «Отырар» әмбебап кiтапханасында ашылуы тектен-тек емес. Әкiмшiлiк-iскерлiк орталығынан бой көтерген зәулiм ғимараттың ашылуына Елбасы қатысқан болатын. Бұл — тәуелсiздiк мерекесiмен тұспа-тұс келген маңызы зор оқиға, — дедi облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов.
Сонымен бiрге Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген қайраткер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесiмiз, жазушы Еркiнбек Тұрысовтың жеке музей кабинетiнiң ашылуы да қалың оқырманға мерекелiк көңiл-күй сыйлады. Онда жазушының таңдамалы 5 томдық тарихи-көркем шығармалары мен «Мәңгiлiк Сарын», «Бәйдiбек» атты тағлымға толы кiтаптарының тұсаукесерiне орай жазушымен кездесу өттi.
Келесi жылы торқалы 90 жасқа толғалы отырған ақсақал қаламгер Еркiнбек Тұрысовтың жеке кабинетiнiң ашылуы мәдени өмiрiмiздегi маңызды оқиғалардың бiрi. М.Әуезов, Ғ.Мүсiрепов, I.Есенберлин, Қ.Қайсенов сынды алыптардың көзiн көрiп, тәрбиесiн алған оның күллi шығармашылық лабораториясы мыңдаған оқырманының көз алдында» деп атап өттi халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қаламдас iнiсi Мархабат Байғұт. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Раушан Қажиақбарова «Жазушы Еркiнбек Тұрысовтың шығармашылық әлемi» атты баяндамасында көрнектi жазушының сан алуан қырларын әдеби тұрғыда талдап, жан-жақты әңгiмеледi.