Жас актер әрі ережесіз жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтардың болашақ жарына қандай талап қоятыны белгілі болды. Бұл туралы ол Taboo бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еркебұлан Тоқтар ата-анасын құрметтейтін, көркем мінезді, қылықты қыздар ұнайтынын айтты. Актер қарым-қатынаста қатал екенін атып өтті. Ал ең басты талабы – болашақ жары пәк болуы керек. Актер талабына сай келетін қызды әлі таппапты.
“Қазір қатты таңдайтын болғанмын. Көбіне бір талап бойынша сәйкес келмейді. Маған пәк қыз керек. Қыздар неге деп сұрайды. Бұл – менің талғамым. Мысалы, көзі көк қыз керек десем, неге деп сұрамайсың ғой. Өйткені бұл – әр адамның таңдауы. Маған сондай қыз керек. Қыздарға тікелей осы сұрақты қоямын. Уақытты босқа өткізгім келмейді”, – деді Еркебұлан Тоқтар.
Сондай-ақ, ол қыздарға “өздеріңізді болашақ күйеулеріңіз үшін дайындап жүріңіздер, шашылмаңыздар” деп кеңес берді.
Алайда, актердің сұхбаты әлеуметтік желіде резонанс тудырды. Енді бірі оны қолдаса, екінші топ керісінше Еркебұланды сынға алып жатыр. Соның бірі әнші – Калия.
“Оқырмандарым жасөспірімдерге жыныстық тәрбие берудің маңызы туралы мәселені үнемі көтеріп жүргенімді біледі. Ал, жеткіншектерге жеткізгім келіп отырған негізгі ойым: АИТВ және басқа ЖЖБИ жұқтыру (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) және қалаусыз жүктілік сияқты жыныстық қатынастың барлық жағымсыз салдары мен қауіптеріне дайын болмайынша – асықпаңыз!”, – деп жазды әнші Instagram парақшасында.
Бірақ Калия бұл сөздерді қыздардың жігіттерге “ұнамды” болуы үшін айтпайтынын атап өтті.
“Қазіргі Қазақстанда, зайырлы мемлекетте, 21 ғасырда "Мен тек пәк қызға үйленемін" деген сандырақты естіп отырмыз!
Денсаулық! Жоғары сапалы және ұзақ жыныстық өмір! Репродуктивті функцияларды сақтау және өз қалауыңызға сай ата-ана болу мүмкіндігі! Маңыздысы осы!”, – деді әнші.
Сондай-ақ, ол пәк қызға үйленетінін айтқан актердің өзіне сұрақ қойды.
“Пәктіктің маңызы туралы айтатын бұл жігітке өзінің денсаулығы туралы, дәрігерге соңғы рет қашан барғаны, жыныстық гигиенаны сақтай ма және қорғана ма, еркектік күші және ұрығының сапасы бар ма, бедеулікке байланысты проблемалары бар ма және басқа да көптеген сұрақтар қойғым келеді.
Ол өзіне бұл сұрақтардың біреуін де қоймағанына сенімдімін! Біз бұл тек әйелдердің проблемасы деп білеміз!Отбасылық бедеулік? Кінәлі әйел!Жыныстық инфекцияны күйеуі әкеледі, ал әйелі ұялып-қызарып емделеді.Ұра ма? Демек өз тілінен тапты”, – деп қоғамдағы мәселені қоса жазды Калия.