14.11.2022, 12:40

«Қазақша дубляждалу керек» деген заң бар болғанымен, әлі де жүзеге асырылмай жүр» - киносыншы

Фильмдерді түпнұсқа тілінде көрсетіп, қазақша субтитр берген дұрыс. Ал, бізде оның орысша нұсқасын көрсетіп, қазақша субтитр береді.

Биылғы жылдың көктемінде елімізде дубляж мәселесі көтеріліп, көптеген проблемалар талқыға түскен болатын. Кейбір мамандар қазақ дубляжына жоғары баға берсе, сынайтындар да өз пікірін білдіріп жатты. 

Кейбір шетелдік фильдерде қазақша субтитр қоюға қатысты, көрермендер арасында «ойды бөледі», «бәрібір оны ешкім оқып жатқан жоқ» деген сияқты сөздер айтылған болатын. Осы орайда, дубляж режиссері Назерке Лесбекқызының «субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіреді» дегені де бар.

Қазақ тілінің мәртебесін түсірмей, қазақша толық дубляж жасап, осы саланы дамытуға мемлекеттің қолдауы қажет екені де талай айтылған болатын.

Сол уақыттан бері қазақстандық дубляжда қандай өзгерістер болды? Қазіргі жағдайы қандай? 

Жалпы, Тәуелсіздіктен бері қарайғы уақытты алсақ, кино саласына, оның ішінде қазақ тілді көрермендерге бертінде көңіл бөліне бастағандай. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында жазушы-сценарист Ұларбек Нұрғалымұлы жазды.

«Биыл ел аумағында көрсетілетін барлық фильмдерді міндетті түрде дубляж жасау немесе субтитр беру немесе кадр сыртындағы дауыс арқылы қазақ тіліндегі нұсқасын дайындау туралы талап енгізіліпті. Тамаша ғой! Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңітуде алдымен оның тұтынушыларының сұранысын қанағаттандыру, кеңейту маңызды міндет. Мемлекеттің айқайламай істейтін бір жұмысы осы еді. Енді тек сапасы жақсарып, көлемі артса, сонымен бірге қандай фильмді аудару керек деген мәселеде жаңылыспаса, биік талғаммен таңдалса», - деп жазады Ұларбек Нұрғалымұлы.

Сондай-ақ, жазушының айтуынша, төл өнімдерімізің де төбесі қараңдап көбейіп келеді. Биылдың өзінде 62 киноны мемлекет есебінен қаржыландырыпты. Оның 18-і – толықметражды, 19-ы – деректі, 17-і – қысқа метражды және 8-і – анимациялық фильм екен. 

Ал, киносыншы Баубек Нөгербек бізде «қазақша дубляждалу керек» деген заң баяғыдан бар болғанымен, әлі де жүзеге асырылмай келе жатыр дейді. 

«Фильмдерді түпнұсқа тілінде көрсетіп, қазақша субтитр берген дұрыс. Ал, бізде оның орысша нұсқасын көрсетіп, қазақша субтитр береді. Мысалы, неге сол фильмдерді (басқа тілдегі) қазақша дубляждап, орысша субтитр бермеске?! Бізде "дубляждалу керек" деген заң баяғыдан бар, бірақ ол орындалмай жүр», - дейді Баубек Нөгербек.

Ал, балалар мульфильмдеріне келсек олар міндетті түрде дубляждалу керектігін айтты.

«Бізде мультфильмдерді міндетті түрде дубляждау керек. Субтитр керек десе, орысша субтитр қоя берсін. Кинотеатрда барлық мультфильмдер міндетті түрде қазақша көрсетілу керек», - дейді киносыншы.