Жуырда Жүрсін Ерманның денсаулығы сыр беріп, жансақтау бөлімінде жатқаны жайлы ақпарат тараған еді. Бүгінде танымал ақынның жағдайы жақсарғанға ұқсайды. Оның ауруханадан шыққан белгілі болды, деп хабарлайды Экспресс К.
Сырқаттанған ақынның дәл қазіргі хал-ахуалын күні кеше Төреғали Төреәлі дүйім жұртқа жеткізді. Ол өзінің жеке парақшасында Жүрсін Ерманның үйінде екенін бейнежазба арқылы көрсеткен. Аталған видеоға зер салсақ, олардың домбырамен әндеткенін аңғаруға болады. Дастархан басында ауруханадан шыққан Жүрсін Ерман да отыр.
"Әкеміздің бойынан әл кеткен жоқ", — деп жазды Төреғали.
Жүрсін Ерманның хәлін білуге Төреғали Төреәліден бөлек, Қалижан Білдәш, Шұғайып Сезімхан, Марат Ахметов сынды бір топ танымал ақындар да барыпты. Айтыскерлер ұстазының денсаулығы жақсы екенін айтып, желідегі жұртқа жағымды жаңалықты жеткізді.
"Жүрсін Ерман ұстазымыз ауруханадан сауығып шықты. Құдай тағала көптің тілегін қабыл етті деп білемін. Ағайдың шаңырағында бүгін бір керемет қуанышты күн болды. Бақытжамал апамыздың шәйін ішіп, Жүрсін ағайдың батасын алып қайттық", — деді айтыскер ақын Марат Ахметов.