Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында жазушы, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, белгілі журналист Қайырғали Медеттің 60 жылдық мерейтойына арналған «Қарымды қаламгер, жалынды журналист» деген тақырыпта оқырмандармен кездесу кеші өтті. Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырылған.
КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрған кезде де ұлт мүддесі үшін өткір мақалаларымен республикалық «Білім және еңбек», «Зерде», «Денсаулық» журналдарында аты танылған Қайырғали Медет еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін КГБ-ның, құқық қорғау органдарының мұрағаттарын ерінбей ақтара, зерттей жүріп, республикалық басылымдарда ашаршылық, репрессия жылдарындағы елдің қиын тағдыры, жазықсыз жазаланған арда азаматтар жайлы құнды дүниелер жариялауын жалғастырды.
Қарымды журналист республикалық «Мәдениет» («Культура») журналында бас редактор, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде редактордың бірінші орынбасары, «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттерінде бас редактор қызметтерін атқарды. Басқа да тәуелсіз басылымдарда басшылық жасады. Бүгінде ол басқаратын «Алтын қазына» газетінің жарық көре бастағанына 5 жыл толып отыр.
Журналистикамен қатар жазушылық талантымен танылған Қайырғали Медет «Беймаза мезет», «Киең қайда, Қазығұрт, рух беретін» деген әдеби кітаптардың авторы.
Кездесу кешінде белгілі жазушылар Е. Тұрысов, С. Сахабат, С. Исақов, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы А. Балажан, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы директорының орынбасары Г. Қуанышбаева, тағы басқа қанаттас әріптестері журналист – жазушының азаматтық, шығармашылық қырлары жайлы сыр шертіп, ізгі тілектерін білдірді, сый-сияпат көрсетті.