«Махаббат шайыры» Исраил Сапарбаев Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында шығармашылық кешін өткізді. Айтулы кеш ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Аптаның соңғы күні жұмыстан қайтқан жұртшылық театрдың дәлізіне кіргеннен-ақ ойы бір серпілгендей болды.
Өйткені, қойылым театрдың табалдырығын аттағаннан басталып кеткендей, бір бұрышта суретші суретін салып отыр. Одан беріде скрипкада ойнаған тағы бір әртіс көзге түседі. Жігітін күткен қыз да театр әртісі. Ал дәліздегі алмалар мен күзгі жапырақтардың әсері тым ерекше. Мұның бәріне гардеробқа киімін өткізіп болғанға дейін куә болған келушілер белгілі драматургтың кешін бір деммен тамашалауға дайын еді.
Сазгер-ақынның «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» атты авторлық кеші жылдың емес, өмірдің төрт мезгілін суреттеген өлең-жырларымен өрілді.
Қашанда жаңа дүние күтетін көрермен ақын кешінен сол өзгешелікті тапты. Ән, би, өлең, сахналық көрініс пен қойылым да бір-бірімен керемет үйлесім тауып, ақынның даралығын тағы бір айқындай түсті. Бұл – көпшіліктің ықыласына бөленген Исраил Сапарбаевтың әдебиет әлеміндегі іні толқынға көрсеткен үлгілі ісі еді.
– Зал толы көрерменнің қимылсыз, тіпті көзіне жас ала отырып көргені қуантты. Менің мақсатым да сол, күнделікті күйбең тірлігімен қатайып кеткен жүректерді жібіту, көрерменнің көңіліне лириканы қайта ұялату, махаббатты, сезімді ояту болатын, – дейді ақын.