Бүгін аты аңызға айналған Бибігүл Төлегенова туған күнін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін Қазақстан халқы үшін ең басты мереке - Тәуелсіздік күні, сонымен қатар, бұл мерекені және өзінің туған күнін ұлы әнші, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР-ның Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның көп марапатының иегері, бірегей лиро-колоратуралық сопраноның иегері - Бибігүл Ахметқызы Төлегенова тойлап жатыр.
Бибігүл Ахметқызы өзінің 70 жылдан аса шығармашылық жолында жүздеген опералық партияларды орындап, "Дала қызы", "Біздің сүйікті дәрігер", "Бұл Шұғылада болған", "Тақиялы періште" фильмдерінде өзіндік бейнелер жасаған, ал аты аңызға айналған әншінің орындауындағы ұмытылмас "Бұлбұл" айтуы дүние жүзіндегі өнер сүйер қауымның есінен мәңгі шықпас. Бүгінгі таңда ондаған өнерпаздың дамуына жаңа серпі және әлемдік аренаға жолдама берген Бибігүл Төлегенова атындағы вокалистер 11 Халықаралық байқауы өткен. Сонымен қатар, бір емес, бірнеше ұрпақ Бибігүл Ахметқызының бойындағы дарындылығына, еңбекқорлығына, табиғи сұлулығына ғана емес, шексіз мейірімділігіне, инабаттылығына, отанға деген сүйіспеншілігіне тамсанады.
Айта кетейік, 93 жасқа толған қазақтың бұлбұлы атанып кеткен әнші Семей қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. 1951-1971 жылдары - Қазақ радиосының, Қазақ мемлекеттік филармониясының әнші-солисі. 1971-1979 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі. 1979 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокал кафедрасының профессоры.
Гастрольдік сапармен Канадада, Францияда, АҚШ-та, Италияда, Швецияда, Египетте, Алжирде, Сирияда, Үндістанда болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7-9-шақырылымдарының депутаты.