23.12.2022, 16:00

«Енді сені көрем бе?»: Жүрсін Ерманның әскердегі жиені жайлы жазбасы елді шошытты

instagram.com/zhursin_yerman
Сен оралғанда қалқайып қарсы алуға жарасам, Аллаға ризамын, балам.

Соңғы уақытта Жүрсін Ерманның денсаулығы сыр беріп жүргені көпке мәлім. Таяуда жансақтау бөлімінде жатып, кейін ақын үйіне оралған еді. Бірақ әлі де ем қабылдау үстінде. Ол отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жиен немересіне арнап күні кеше жан тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.

Жүрсін Ерманның жиен немересінің есімі — Нұрасыл. Ол ақынның кіші қызы Ардақ пен даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың ортақ некесінен туған ұл. Жүрсін Ерманның айтуынша, 19 жастағы дәл сол жігіт осыдан тура бір ай бұрын Президент гвардиясына әскери борышын өтеуге аттанған екен. Кетерінде нағашы атасының денсаулығына алаңдап, көзіне жас алыпты.

Менің қатты ауыратынымды көріп жүрген балам: "енді сені көрем бе, жоқ па" деді ме, кетерінде мені құшақтап өксіп көп жылады.

"Сен оралғанда қалқайып қарсы алуға жарасам, Аллаға ризамын, балам" деп мен де жыладым",— дейді Жүрсін Ерман.

Нағашы атасының айтуынша, Нұрасыл Дәулетұлы жалғыз емес. Ол бала кезден бірге өскен досы Омармен бір жерде әскери қызметін атқаруда екен.

"Нұрасыл сол досына хабарласып: "бізде бәрі тамаша, тіпті Wi-fi да бар, кел" дейді ғой. Омардың әкесі қуанып кетіп, баласын бизнес-класпен ұшырып, Нұрасылға әкеліп қосыпты. Тамаша қайдан болсын. Сол қатаң әскери тәртіп. Екі дос бірге көндігіп жатыр. Баламды сағынып кетіп, осыны жаздым, Нұрасылды көруді Алла нәсіп етсе екен!", — деді ақын.

Жүрсіннің Ерманның бұл жазбасын оқыған көпшілік ақынға амандық, ал әскердегі жиенінің тезірек отбасына оралуын тілеген.

Тегтер: Жүрсін Ерман