Күні кеше белгілі вайнер және блогер Мейіржан Төребаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылған болатын. Қаржы пирамидасы ісі бойынша алдын ала тыңдау барысында қабылданған шешімнен кейін үйіне оралған вайнерді күтіп алған балалары көпшіліктің көзіне жас алғызды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Балалары мен әкесінің қауышқан сәтін Дана Есеева Instagram парақшасында жариялады.
"Үйде. Анамыздың, балалардың жанында. Ол отбасымен бірге. Алдағы уақытта Мейіржан үйден қатысатын сот болады. Адвокаттардың жұмысы жалғасуда. Біз тек соттың әділ болатынына үміттенеміз. Барлық жылы тілектеріңізге рахмет, алғыс білдіреміз. Балалар бұл плакатты 8 ай бұрын дайындап қойған", - деп жазды Дана Есеева.
Ал желі қолданушылары Мейіржан Төребаев пен балаларының қауышқан сәтін көріп, көзіне жас алған.
"Видеоны көріп отырып, өксіп жыладым", "Қандай бақыт", "Осы видеоны көріп, жылап отырмын", "Сіздер үшін қуаныштымыз", "Қайта оралуыңмен", "Отбасыңа қайта оралғаныңа қуаныштымын", "Құттықтаймын", - деді желі қолданушылары.
Айта кетейік, биыл ақпан айында блогер Мейіржан Төребаев пен актер Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген болатын.