Грузиннің әйгілі өнер саңлағы, көрнекті актер, әнші, кинорежиссер Вахтанг Кикабидзе 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Елінің ықыласына бөленіп, халқы «Буба» деп құрметтеген ол азаматтық ұстанымынан танбай өтті. Соңында «Мимино», «Күйінбе!», «Таудағы кездесу» сынды фильмдер мен өміршең әндері қалды, деп жазады malim.kz.
Кикабидзе «Адам - уақытша жаратылыс, сондықтан соңынан жаман сөз ертпеуі керек. Адам қай кезде де өз елінің азаматы болуға тиіс» деген ұстанымын берік сақтады. Өмірде де, өнерде де осы қағидасынан айнымай өтті.
Қоғам қайраткері бір сұхбатында «Басқа біреуге кедергі келтірмей, өзгенің өмірін қорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Мен халықты орыс, грузин деп бөлмеймін. Не шықса да саясаткерлерден шығады» деп айтқан еді. Айтқанындай, 2008 жылы Ресей Грузияда әскери қақтығыс жасап, Оңтүстік Осетияны басып алғанда Путинді ашық түрде айыптап, Мәскеуден кетті. Содан бастап Ресейге аттап баспай, қиянат жасаған елдің сахнасында концерт беруден де бас тартты.
Грузин халқының даңқты перзенті басқыншылықты айыптап, зорлық-зомбылыққа қарсылық танытты. Туған еліне оқ атып, қысым жасаған ресейдің барлық шен-шекпенінен, марапатынан бойын аулақ салды. Сол кезде Ресей Президенті Путин оны «Халықтар достығы» орденімен марапаттамақ болған. Бір қызығы халықтар достығын «көксеген» Кремль көсемі осы уақытта Гори қаласына танктерді кіргізіп жатқан еді.
«Егер сол орденді қабыл алсам, немерелерімнің көзіне қалай қарар едім? Себебі біз әулетімізбен отырып, теледидардан ауыр артиллерияның елге кіріп келе жатқанын көрдік.Сондықтан мен марапаттан бас тарттым» дегені бар. Қандай да бір туы бар танкі шекараңызға кірсе, ол елге барып ән салу, өнер көрсету масқаралық екенін де жиі айтты.
Оқи отырыңыз: «Ол шіркеуді де бомбалауға дайын!» – «Рождествошыл» Путиннің әрекетіне әлем не дейді?
Кикабидзе 2014 жылы Ресей Украинаға баса-көктеп кіріп, Қырымды иеленіп алғанда да Кремль басшысының империялық пиғылына наразылық білдірген санаулы адамның бірі. Өнер саңлағы қаншама пайда әкелетін концерттер мен гонарарын тәрк етіп, соғысқа жан-тәнімен қарсы болды.
Ресейдің жөнсіз әрекетін қолдамай, Мәскеуден кеткен белгілі адамдар тіптен аз. Солардың бірі Кикабидзе Украинаға азаматтық қолдау көрсетуден танған жоқ. Өткен айда қаражатын Украина Қарулы күштеріне жіберіп, қару сатып алулары үшін жәрдемін аямады. Осы ұстанымы арқылы да ол ерлікке пара-пар күрескерлік қадам жасады. Бұл қақтығыстың өте қорқынышты көрініс тудырғанын, көңілді жұбатар ештеңе де қалмағанын, мұның геноцидтен де асып түскенін мәлімдеген еді.
Бір сұхбатында ол: «Екі ел арасына сызат түспей, жылы қарым-қатынас жасағаны абзал. Ал Ресей мен бізде құрмет те, абырой да жоқ. Есесіне ресейлік етік бар. Бір жағдай туындай қалса, ол жаншуға әзір, «грузиндер өз-өзіне келіп, ес жиғанша» қысым жасайды» деп үн қатқан-ды.
Кикабидзе Путиннің сөз жүзінде Ресей үшін батыр болуға ұмтылып, іс жүзінде елін құрдымға жібергенін жиі сынады. Уақыт тирандарды орнына қоятынын меңзеп, әділетке жақ болды. Қай елде болмасын, таулық тұлға секілді билікке, марапатқа сатылмайтындар мемлекетті құтқарады. Өкінішке қарай, кімнің тарысы піссе соның тауығы болатындар біздің елде де аз емес.
Кеңес одағында асарын асап, жасарын жасағандар оны қимай, етегі жасқа толып, бертінге дейін сол кезеңді аңсағандар жетерлік. Ал Вахтанг геноцид жасаушы режим құлағанда дастархан жайып, айтулы күнді атап өткен екен. Және оның жолын жалғаушы Ресейге жұлын-жүйкесімен наразы болды. Кикабидзе Ресей де тұп-тура Кеңес одағының жолымен келе жатқанын, Путин секілді басшы отырғанда Кремльдің күні де бітетінін айтыпты. Себебі, өзі айтқандай бейбіт азаматтардың обалына қалғандардың алдынан ақ күн тумайтыны анық.