Әнші Гауһар Әлімбекова "1001 түн" бағдарламасында сахнадан көрінбей кетуінің себебін айтты. Өнер иесінің айтуынша, ағасы қайтыс болғаннан кейін әнге, сахнаға деген құштарлығын жоғалтып алған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Қазір шынымды айтсам, соңғы бес жылдан бері өнер әлемінен алыстап кеттім. "Алыстатты" деп айтуға болады. Мен де пысық емеспін. Соғысып, қайта шықсам (сахнаға - ред.) болатын еді. Бірақ осыдан үш жыл бұрын жақсы көретін ағам қайтыс болды. Анам 21 құрсақ көтеріп, соның 12-і қалған. Ол - ұлдың үлкені. Мен - алты ұлдан кейінгі қыздың үлкенімін.
Ағам қайтыс болғаннан кейін "Оң қанатымнан айырылдым" дегендей, өнерден алыстап кеттім. Себебі, бүкіл әндерім, шығармаларым сол кісінің алдынан өтетін. "Егер ол ұнатса, халыққа міндетті түрде ұнайды" деп ойлайтынмын. Менің мәселемнің бәрі шешілген уақытта бәріміз қуандық. Ағамның да жүрегі ауырып жүрген еді.
Мен жаңа әндерімді шығардым да, ағама жібердім. Ол "Жақсы болыпты, Гауһар" деді", - дейді Гауһар Әлімбекова.
Әншінің айтуынша, ағасынан әндері туралы қайта сұрағанда, ол кісі қарындасына ренішін жеткізді.
"Құдай сол кезде аузына салған шығар. "Менен қай әнім жақсы деп сұрамашы. Сенің барлық әнің жақсы, Гауһар. Осы уақытқа дейін шығарғандарың да, бұдан кейін шығаратын әніңнің де жаман болуы мүмкін емес. Бұдан былай менен сұрама" деп ұрысты. Жарты жылдан кейін ағам қайтыс болды. Қазір де ән шығарсам, ағамнан сұрағым кеп тұрады. Бірақ сол кезде ұрысқаны есіме түседі", - деді әнші.
Сонымен қатар әнші өзінің ән жазумен айналысып жүргенін де жасырмады.
"Үйде жүрмін. Мен басыма күн туғанда да ән жазуды тоқтатқан емеспін. Түнде, тыныштықта, ешкім жоқта ән шығарамын. Ағам қайтыс болған кезде әнге, сахнаға деген құштарлығымды жоғалтып алдым. Екі жылдай мүлде ән шығара алмай қалдым. Өткен көктемнен бастап, қайта тіріле (қалыпқа келе - ред.) бастадым", - деді Гауһар Әлімбекова.