Белгілі әзіл-сықақшы, Шаншар театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов театрдың көптеген әншілердің жұлдызын жаққанын айтты. Олардың қатарында Заттыбек Көпбосынұлы, Қайрат Нұртас сынды өнер жұлдыздары бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Оян” бағдарламасына сілтеме жасап.
Әзілкеш бірқатар өнер иелерінің көпшілікке танылуына себепкер болғанын және адам бойындағы талантты қалай байқағаны жайлы айтты.
“Бапкер жылқының бәйге болатынын құлын кезінен оның жүрісінен, дем алысынан біледі. Сол сияқты біз “әртіс болады-ау” деген адамдардың әңгімесінен, іс-қимылынан байқаймыз”, – дейді театр басшысы.
Әзіл-сықақшы Заттыбек Көпбосынұлының өнер жолын термеші болып бастағанын айтты.
“Заттыбек басында терме айтып жүрді. Композитор болып ән шығарған жоқ. Біздің театрда жұмыс істеді. Кейін әртістер көбейіп кеткен соң Заттыбекке жалақысын төлеуге мүмкіндігіміз болмады. Сөйтіп ол басқа жақта жұмыс істеп жүрді. Араға бір жыл салып “Ақмаржан” деген әнін тыңдадым. Содан оны “Шаншарға” алмадық. Заттыбекке “өзің ән шығарып, әншілік жолыңды таңдап кете бер” дедім.
Танымал хитмен Қайрат Нұртас та театрда жүріп танылғандардың бірі.
“Қайрат Нұртас маған келгенде 9-сынып оқыса керек. Оны анасы Гүлзира алып келген. Қазір Гүлзира мықты білгіш болып кетті ғой. Өнер саласының майталманы ма, еңбегі сіңген халық әртісі ме? Сол осыны алып келді. Сөйтіп “Анашым” деген әнді айтты. Кейін Досымжан Таңатаровтың әндерін алып келді. Сол кезде оған өз репертуары болу керектігін айтқанмын. Содан өз репертуарымен ән айтып, қазір жұлдыз боп кетті”, – дейді Уәлибек.